Ташкентте Қарақалпақстандағы шілде оқиғасына қатысты қылмыстық іс аясында апелляциялық шағым қаралып жатыр. Арызды 16 сотталушы түсірген, ал прокуратура 4 адамның шартты жаза алуына қарсылық білдірген. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
5 мамырда басталған апелляциялық сот барысында журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовтың, Қарақалпақстан ІІМ қылмыстық іздестіру жөніндегі бөлімнің бұрынғы басшысы, марқұм Полат Шәмшетовтің және басқа да сотталушылардың, сонымен бірге олардың адвокаттарының шағымдары қаралып жатыр.
Соттың алғашқы инстанциясымен 6 жылға сотталған Полат Шәмшетов биыл 4 ақпанда Бұхарадағы түрмеде қайтыс болған. Медициналық сараптама күдікті өліміне жүрек ауруы себеп болғанын анықтаған.
Прокуратура сотталушы Лолагүл Қаллыханованың, Азамат Тұрдановтың, Ахмет Сметуллаевтың және Азамат Нұратдиновтің шартты жаза алып, сот залында босатылғанына шағым түсірген.
Қаңтар айында Бұхара облыстық соты Қарақалпақстанда былтыр 1-2 шілдедегі оқиғаға байланысты 22 адамға үкім шығарды. Сот шешімімен басты күдікті Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды, 17 адамға 3 жылдан 8,5 жылға дейінгі аралықта жаза белгіленді, төрт адам сот шешімімен босатылды, олардың арасында Лолагүл Қаллыханова да бар.
17 наурызда Нөкіс оқиғасына қатысты істе 39 күдіктіге қатысты екінші сот үкімі жарияланды. Сот 28 адамды 5 жылдан 11 жылға дейінгі аралықта соттады, ал 11 сотталушы шартты жазамен бостандыққа шықты.
Ресми мәлімет бойынша, Нөкістегі оқиға барысында 21 адам қаза болды, 243 адам жараланды, олардың арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Қарақалпақстандағы баскөтеру күшпен басылды, бірақ өзбек билігі көшеге шыққандарға әскерилер оқ атты дегенді жоққа шығарып отыр.
Бұның алдында АҚШ, Еуроодақ, БҰҰ және халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар Өзбекстан билігін Қарақалпақстандағы оқиғаны әділ тергеуге, бейбіт халыққа күш қолданылғанын зерттеуге шақырған. Алайда екінші сот процесінде сотталушылар арасында күш құрылымдарының қызметкерлері болған жоқ.