2 мамырда бес айға жуық қаралған «Әруақтар сотына» үкім оқылды. Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 судьясы Дәурен Мәукеев Қаңтарда қаза тапқан бес марқұмның бәрін айыпты деп тапты.
Серік Керимов, Қанат Әубәкіров, Нұрболат Қасымжанов, Аслан Валиев, Шыңғыс Тастанбековтердің бәрін Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігімен жаппай тәртіпсіздікке қатысты және Тастанбековтен өзгесін 269-бабынының 2-бөлігімен мемлекеттік ғимаратқа сөз байласып шабуылдады деп таныды.
Осылайша судья прокурор Арман Нүгірбековтің соңғы айыптау актісін толығымен қанағаттандырды.
Алайда Қаңтар құрбандарының туыстары мемлекеттік айыптаумен келіспейді. Олар осыған дейін жарыссөздің екі отырысында да тергеу-прокуратура органдарының істі қарау-қабылдау және толықтыру кезеңінде өрескел қателіктер мен кемшіліктер кеткенін нақты көрсеткен. Іс тергеуіндегі шикіліктер мен заңбұзушылықтарды сотқа тізіп ұсынған.
Марқұмдардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылар прокурор таққан айыптар дәлелденбегенін, жалған-жасанды жолмен және жалпылама болжамдармен негізсіз жүргізілгеніне шағынады.
Жыл басында басталған «Әруақтар сотының» үкімі сотқа қатысушылардың наразылығын тудырды. 14-отырыста мәлім болған аудандық инстанцияның үкіміне наразылар аппеляцияға шағым түсіретінін айтты.
«Әруақтар соты» қоғам мен құқық қорғаушылар тарабынан қатаң сыналса да бірнеше өңірде жүріп жатыр. Дәл осыған ұқсас Қаңтар құрбандарын соттау тәжірибесі жуырда Тараз қалалық сотында болды. 7 ақпанда судья Бағдат Төребекұлы 5 марқұм мен 4 тірі адамды кінәлі деп таныған үкім шығарған. Тергеу жала мен бұрмалаумен, сот әділетсіз жүрді деген марқұмдардың туыстары олардың кейбірі кездейсоқ, енді бірі бейбіт наразы болғанын айтып, облыстық сотқа апелляция шағымын түсірген. «Әруақтар сотынының» алматылық нұсқасын қарап жатқан судья Дәурен Мәукеевтің өндірісінде Қаңтаршыларға қатысты тағы бір күрделі «24+1 ісі» бар. Онда 24 тірі және бір марқұм қаңтаршы айыпталуда. Бірақ қаңтаршылардың кемі 18-і өзіне тағылған айыппен мүлде келіспейді, жала деп есептейді. Мәукеев осыған дейінгі қызмет бабабында 2017 жылы журналист Жанболат Мамайға айыптау үкімін шығарған.