11 сәуір кеште Астана қаласындағы энергетика синистрлігінің алдында жұмыс дауымен тұрған Жаңаөзеннен келген 82 мұнайшыны арнайы жасақ күштеп ұстап кеткен. Осыған байланысты Астана қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
Олардың айтуынша:
«Митингілердің «Бейбіт жиындар туралы» заңды бұзуына байланысты жергілікті атқарушы органдарға митинг өткізуге, сондай-ақ мәслихаттың жергілікті шешімі тізбесінде бекітілмеген жерде рұқсат етілмеген митинг өткізуге өтінімнің болмауы себепті полицияға акцияның бірқатар ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушылары жеткізілді» делінген.
Әрі бейбіт жиынға қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін екендігін де айтты.
«Тәртіп бұзушылар ӘҚБтК- нің 488 және 667-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл ескертуге немесе отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға тең. Олардың іс-әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетін болады» деді полиция департаментідегілер.
Бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те мұнайшылар туралы оғаш ойын айтқан-тұғын.
«Бұл – ұйымдасқан пикет. Адамдар көрпе-төсегі мен палаткасын алып келген. Олардың негізгі мақсаты – өзіне назар аударту. Бұл – олардың қалауы. Талаптары коммуналдық төлем сияқты нақты мәселе төңірегінде болса ескерер едік. Менің түсінігімше, акция назар аудартып, ажиотаж жасауға көбірек ұқсайды. Қызметкерлердің жұмысқа кіріп-шығуы қиындады. Сондықтан мемлекеттік орган қызметіне жасалған кедергі болуы да мүмкін. Жергілікті әкімдік пен «Өзенмұнайгаз» компаниясы не істегенін білмейсіздер ғой. Оларға балама жұмыс ұсынған. Біз өз мүдесі үшін осы азаматтарды пайдаланып, тендер конкурсының заңды нәтижесіне қарсы шыққан жеке компания басшылары емес, қарапайым адамдар туралы айтып отырмыз. Ал, қарапайым азаматтар мүдесін біз мейлінше қорғадық. Алдыңғысынан кем түспейтін ұсыныс айтылды. Бірақ көбі одан бас тартты. Ақыры энергетика министрлігі алдына пикетке шығу туралы шешімге келген. Келіссөз болады.» – деген болатын министр мырза.