Тура бір жыл бұрын, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға қарсы соғыс ашты. Ресми Мәскеу «арнайы әскери операция» деп атаған соғыс салдарынан 12 миллион украиндық үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Оның 5миллионы шет ел асты. Мыңдаған адам қаза тапты. Қираған қала мен ауылда шек жоқ. Бір жыл ішінде Украинадағы соғысқа Қазақстанның ұстанымы қандай болды?
Қазақстан билігі Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бір аптадан соң, 2022 жылдың 1 наурызында ғана соғысқа қатысты мәлімдеме жасады. Оның өзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманат» партиясының құрылтайында сөйлеген сөзінде соғысқа қысқаша тоқталды. Ол тараптарды келіссөзге келуге шақырып, қажет болса Қазақстанның бітімгер болуға дейін екенін айтты.
2 наурызда БАҚ-та Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескені жөнінде ақпарат тарады. Ақорда баспасөз қызметі сөйлесу барысында Тоқаев ресейлік әріптесіне «келіссөз кезінде компромисске келу маңызды екенін айтты» деп мәлімдеді. Кремль бұл ақпаратты басқаша таратты. Олар тараптар «Ресейдің Донбас халқын қорғаудағы арнайы әскери операциясы барыс негізінде аймақтағы жағдай талқылады» деді.
14 наурызда Қазақстан Украинаға алғашқы гуманитарлық көмек жіберді. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді көмек жіберерден екі күн бұрын мәлімдеме жасады. Онда ол Қазақстан Украинаның тұрақты, тәуелсіз, территориялық тұтас ел болып қалуына мүдделі екенін айтты.
– Қазақстан Украинаның тұрақты, тәуелсіз және тұтас ел болғанына мүдделі. Бұл біздің еліміздің БҰҰ жарғысы негізіндегі тұрақты әрі мызғымас ұстанымы, – деді ол.
Осыдан кейін іле-шала Ресей Қазақстан мұнайының басым көпшілігі еуропаға тасымалданатын Каспий құбырлар консорциумының істен шыққанын хабарлады. Олар бұны Қара теңіздегі дауылмен байланыстырды.
Немістің «Handersblatt» газеті бұны Ресей билігінің Еуроодақ пен Қазақстанға қыр көрсетуі деп жазды. Олар «Ресей дауыл болды деген күні Қара теңізде ауа райы қалыпты болған» деп Германияның метеорологиялық қызметіне сілтеме жасады. Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов бұндай саботаждың Ресейдің де, консорциумның да мүддесіне қайшы екенін айтты.
Наурыз айының аяғында президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов «Euractiv» басылымына сұхбат берді. Онда ол «Ресей Украинадағы соғысты «арнайы әскери операция» деп ату жөнінде заң қабылдады. Бірақ біз қалай бар, солай айтамыз» деп мәлімдеді.
Сүлейменовтің сұхбатына Ресейдің кейбір сарапшылары қарсы жауап берді. МГИМО-ның әскери-саяси зерттеулер институтының өкілі Михаил Александров Қазақстан сенімсіз одақтас деп атап, Мәскеуді Қазақстанға берілген экономикалық жеңілдіктерді алып тастауға шақырды.
4 сәуірде АҚШ-тың «The National Interest» журналына Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы шықты. Онда ол Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтып, тараптарды тағы да келіссөзге келуге шақырды.
Осыдан кейін Ресей пропагандисті Тигран Кеосаян Қазақстан билігін сынаған видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Ол Қазақстанның 9 мамыр мерекесін атап өтпеу шешімін сынап, Украинаның қазіргі жағдайына қараңдар деп соғысты меңзеді. Қазақстан СІМ Кеосаянға ел аумағына кіруге тыйым салды.
Маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен бірге «Санкт-Петербург экономикалық форумына» қатысты. Онда ол ДНР мен ЛНР-ді «квазимемлекеттік құрылымдар» деп атап, Қазақстан олардың тәуелсіздігін мойындамайтынын айтты. Бұның алдында «Россия 24» арнасына сұхбат беріп, Қазақстан Ресейге санкциядан айналып өтуге көмектеспейді, Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскерінің келуінен кейін ресми Астана Мәскеуге қарыздар деген пікірмен келіспейтінін мәлімдеді.
Тоқаевтың мәлімдемесіне Ресей мемлекеттік думасының ТМД елдері комитеті басшысының орынбасары Константин Затулин қарсы жауап берді. Ол бұны «Путинге қарсы жасалған қадам» деп бағалап, Қазақстанның орыстар көп шоғырланған аймақтарын Қазақстан деп атауға келмейді деді. Шешенстан президенті Рамзан Қадыров «Қазақстан тәуелсіздігінен айырылып қала жаздаған уақытта Ресей көмектесті» деп мәлімдеді.
4 шілде де Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа комиссиясының төрағасы Шарель Мишельмен сөйлесті. Ол Еуроодақты Ресейді айналып өтетін балама трансконтинентальдық жолдарды дамытуда әріптес болуға шақырды. Тоқаев балама ретінде Кавказ бен Түркия арқылы өтетін транскаспий халықаралық транспорт жолын атады. Бұдан бөлек, ол әлемдегі және Еуропадағы жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстан өзінің қазба ресурстарын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
5 шілдеде Новороссийск соты экологиялық жағдайды сылтауратып, Каспий құбырлар консорциумының жұмысын 30 күнге тоқтатуға шешім шығарды. Бірақ сарапшылар бұл шешімнің саяси астары барын айтып, Краснодар сотына шағымданды.
Екі күннен кейін Тоқаев «ҚазМұнайГаз» компаниясын мұнай тасымалдаудың балама бағытын, оның ішінде Транскаспий жолын дамыту жоспарын әзірлеуге шақырды. Президенттің баспасөз хатшысы «Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып қала беретінін» мәлімдеді. 11 шілдеде Краснодар соты Каспий құбырлар консорциумының жұмысын жалғастыруға рұқсат берді.
Қазан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Ресейдің Украинаның төрт облысын аннексиялауға талпынысын айыптаған қарар қабылдады. Құжатқа дауыс беруде Қазақстан қалыс қалды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «қалыс қалу да позиция, біз ұлттық мүддемізді ескере отырып дауыс бердік» деп мәлімдеді.
2023 жылдың 24 ақпанында БҰҰ Ресей әскерін Украинадан әкетуді талап еткен қарар қабылдады. Қазақстан тағы да қалыс қалды.
Қазақстанда Украинаны қолдап митинг, пикеттер арагідік өтіп тұрады. Билік оның біріне рұқсат берсе, біріне бермейді. Қазақстандықтар арасында «Украина өзі үшін ғана емес, Қазақстан үшін де соғысып жатыр. Соғыста Ресей жеңетін болса, келесі кезек Қазақстанға келуі мүмкін» деген пікір бар.