Алматы қаласында 2023 жылғы 5 қаңтарда өткен «Қаңтар қасыреті құрбандарын еске алу, тағзым ету» жиынына қатысушылардың қолдауымен қабылданған ҚАРАР
2022 жылдың алғашқы күндерінде Жаңаөзенде басталған бейбіт митингі Қазақстанда кеңінен қолдау тапты. Сығымдалған газ бағасының қымбаттауы себеп болған халық толқуы Алматыда, Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада, Семейде, ел астанасында және басқа қалаларда жалғасты. Жалпыхалықтық наразылықтар саяси талаптарға ұласты. Әр қалада мыңдаған, он мыңдаған адам көшелерге, алаңдарға шықты.
30 жыл бойы үстемдік құрған назарбаевтық авторитарлық, тоталитарлық билік жүйесі іріп-шіріді. Экономикалық, әлеуметтік, саяси дағдарыстар белең алды. Жұмыссыздық, қымбатшылық, жемқорлық, әділетсіздік адамдарды қажытты. Қазба байлықтың үстінде отырып, қайыршының күйін кешкен қазақтың ашуы осындай халге жеткізген Назарбаев президенттік қызметтен кетсе де басылмады. Қоғамды өзгертуге құлықсыз әрі дәрменсіз Тоқаевтың үш жылғы басқаруы оңды нәтиже бермеді Отбасылық-олигархтық үстемдіктің сақталып қалуына мүдделі сыбайласқан- жемқорлар, әкімдер, министрлер, биліктің полициялары, соттары баяғы заңсыздықтарын, әділетсіздіктерін тоқтатпады. Тоқаевтың саяси өзгеріс жасау, әділеттілік орнату, таза сайлау өткізу жөніндегі уәделері алдамшы бос сөз болып шықты.
Шыдамның да шегі бар. Мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертпейінше елде жақсылық болмасына көзі жеткен халық – жүздеген мың республика азаматтары бейбіт жиынға, шеруге, митингіге шықты. Бұл құптарлық әрі қуанарлық қадам еді. Олар Конституциялық құқығының негізінде ерікті, бейбіт түрде алаңдарға барып, билікке талап қойып, ұлттық, мемлекеттік мүддені сатқындар мен обырлардан қорғауды көздеді. Келімсектерде кеткен сыбағасын қайтартуды, ұрпағының несібесін сақтауды ойлады. Саяси өзгерісті, назарбаевтық жүйені кетіруді қалады.
Міне, нағыз отаншылдық, жанашырлық сезімнің алауымен алаңға жеткен қарусыз, бұзақылық ниеті жоқ бейкүнә, жазықсыз жандарға не істемеді бұл билік! Олардың арасына арандатушыларды, бүлікшілерді қасақана құрылған жоспармен жіберіп, мыңдаған адамды оққа байлады. Аң атқандай жайратты! Қандарын судай төкті!Қолға түскендерін қамады! Аюандықпен азаптады! Тоқпен соқты! Үтікпен күйдірді! Ыстық сумен жидітті! Жиырма мың бандит, террористі ойлап тапты. Соның дәлелі үшін тірісі аздық етіп, марқүм болғандардың көрін қайта қаздырып, тергеу амалын жүргізді. Мақсаттары – қолдан террорист жасау. Мұның бәрі есі ауысқандардың ғана елінде болатын, қатыгез қарақшылардың ордасында ғана орындалатын жауыздықтар еді! Амал не, жиырма бірінші ғасырда, Біріккен Ұлттар Ұйымында басшылық қызметте болған, Қазақстанның қазіргі президенті Қ -Ж.К.Тоқаевтың кезінде, бәлкім соның толық мақұлдауымен соры қалың ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ болды!
Назарбаев пен Тоқаевтың арасындағы тақ таласынан, олардың айналасындағылардың тартысынан туындаған, бас көтерген қалың қауымды күш қолдану арқылы жаншып тастауды көздеген қаңтар қырғыны туралы шындық ашылып келеді. Оны бүркемелеп, жауып тастау еш мүмкін емес! Және халықтың бар ауыртпалықты көтерген ерлікке парапар күресін де жоққа шығара алмайды. Мұны тоқаевшыл жарнамашыл жорналшылар, ертегішіл жазушылар есте тұтсын!
Қаңтарға қатысушы күрескерлер – нағыз қахармандар! Кремльдің көмегіне сүйеніп билігін сақтап қалғандар мемлекетті, тәуелсіздікті мақтангөй қуыс кеуделерімен қалай «қорғағаны» туралы жырлай тұрсын. Назарбаев та желтоқсанның «батыры» болып көрініп баққан. Уақыт – ұлы төреші, бәрін өз орнына қояды!
Қаңтардағы қанды қырғын үшін жауапкершілік Назарбаев пен Тоқаевтың мойнында деп есептейміз.Талдау жасалмаса да түсінікті, айқын нәрсе!
Бейбіт жиынға, шеруге қатысушылардың қауыпсіздігін қамтамасыз етпеген, арандатушыларды жұмсап, қақтығыс тудырған, қару қолданған, бұйрықпен, жарлықпен оқ атқызған, тонаушылықты ұйымдастырған – солардың ықпалында болған биліктің күштік құрылымдары.
Биліктің жасаған қылмысы үшін қарапайым халық ұлдары сотты болып жатыр. Бұл – барып тұрған әділетсіздік.
2022 жылғы қаңтар оқиғасы – әлеуметтік әділеттілік, саяси өзгеріс жолындағы күрес, авторитарлық-отбасылық жүйеге қарсылық, тәуелсіздікті, мемлекеттілікті сатқындардан, ел қазынасын ұры-жемқорлардан қорғауға шыққан ерлердің ісі деп бағалансын!
Жиынға қатысушылар мынандай талаптар қоямыз:
- 2022 жылғы қаңтар айында ресми түрде көрсетілген 238 адамның оққа ұшып, қаза табуына, мыңнан астам адамның жарақаттануына ұрындырған шерлі оқиғалар үшін басты жауапкершілік ҚР президенті Қ.Ж.Тоқаевқа, бұрынғы президент Н.Ә.Назарбаевқа артылсын! Сол кездегі ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, бас прокурор Ғ. Нұрдаулетов ҰҚК төрағасы болған К.Мәсімовпен бірге жауапқа тартылсын, басқа да лауазымды тұлғалар – Назарбаевтың туыстары –Қ.Сатыпалды мен С. Әбішев қылмыстық жауапкершіліктен тыс қалмасын!
- Қаза тапқан бейбіт адамдардың толық тізімі жариялансын, олардың өмірін қиғандардың ешқайсысы әділетті жазадан құтылмасын, марқұмдардың отбасына полиция қызметкерлеріне төленген көлемде жәрдемақы берілсін!
- Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен қамалғандардың барлығы, қару алып оқ атқандардан басқалары, бостандыққа шығарылсын. Олардан қоғамға келетін қауіп жоқ екендігі, тергеуге, сотқа кедергі, ықпал жасай алмайтыны, отбасыларының асыраушысы екендігі, балалары мен әйелдерінің қиын жағдайы ескерілсін! Бейбіт жиынға қатысқандарға тағылған айыптаулар қысқартылсын; арандатушылардың алдауына, қорқытуына түсіп, қателікке ұрынғандарға кешірім жасалсын!
- Тергеуге дейін және тергеу кезінде азапталған, соққыға жығылған күдіктілерден алынған мойындаулар мен жалған хаттамаларға қойылған қолдар, түсініктемелер заңсыз деп табылсын, олар сот процесінде жарамсыз деп танылсын!
- Оқиға күндерінде және одан кейін жарақат алғандардың, абақтылардағы азаптаулардан денсаулықтарына залал келгендердің барлығы жәбірленуші саналып, оларға жеткілікті мөлшерде өтемақы төленсін!
- Ұрып - соғуға, қинауға қатысқандар, қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланғандар қатаң жазалансын!
- Сот процестері ашық, жария түрде, онлайн емес, офлайн түрінде, тікелей сот залдарында өткізілсін!
- Арам пиғылды лаңкестер, қасақана арандатушылар, адам өлтірушілер, азаптаушылар, билікке таласқандар – ең ауыр жазаға лайықтылар!
-Қаңтардағы қанды оқиғаға байланысты халықаралық ұйымдардың зерттеу жүргізуі қажет. Сонда ғана ақиқатты бүкпесіз айқындауға, адам құқығы қағидаларының бұзылғандығын дәлелдеуге мүмкіндік туады. Одан бас тарту – адамзатқа қарсы жасалған қылмысты жасырғанмен тең.
- Әділеттілік орнамаған жерде қақтығыстар қайталана береді. Оқ атқан билік халықты сотпен қорқыта алмайды. Ашындырады. Бұрынғыдан да алапат толқын туғызады. Бейбіт шеруге, халықтың наразылық танытқан толқуына қатысқан қамаудағы азаматтардың баршасына бостандық берілсін!
- Барлық саяси тұтқындар, тұтқындағы қоғам белсенділері – Жанболат Мамай, Қосай Маханбаев, Ақылжан Қисынбаев, Қалас Нұрпейісов, Айгерім Тілеужанова және басқалары бостандыққа шығарылсын, ақталсын!
- Жиын бостандығы, митингіге қатысты заңдар қайта қаралсын және оны қолдануда әкімшілік үстемдікке жол берілмесін!
- Елімізде саяси реформа нақтылы іске асырылмаса, сыбайлас жемқорлыққа, ұрлыққа, тонауға, сатқындыққа негізделген мемлекеттік билік жүйесін өзгерту мүмкін болмайды. Түбегейлі өзгерісті ұлттық қауыпсіздік комитетінен, соттан, прокуратурадан, Ішкі істерден бастап бірінші кезекте қолға алу керек.
Қаңтардағы халық көтерілісі осындай өзгерістер болуы үшін жасалды. Ал оны кері мақсатта пайдаланғандар – назарбаевшылдар биліктің барлық құрылымдарынан, тармақтарынан – президент әкімшілігінен бастап, түгелдей тазартылсын!
-Қазақстан Қаңтар көтерілісі кезінде 20 мың лаңкес, бандиттер тәуелсіздікке, мемлекеттілікке қатер төндірді делінген желеумен елімізге кірген, әскері оқ атты деген күдікке ілінген Ұжымдық қауыпсіздік шарты ұйымына мүшеліктен шықсын.
- Конституцияға қарсы, назарбаевтық заңдармен әділетсіз өткізілген сайлау арқылы жеті жылға өзін президент санаған, қаңтар күндерінде ескертусіз нысанаға оқ атуға жарлық берген, көптеген жазықсыз адамдардың өліміне себепкер болған, қуғын-сүргінге жол беріп отырған президент Қ.Тоқаевқа импичмент жариялау ісі қолға алынсын!
- Қаңтарға саяси-құқықтық баға беру үшін арнайы тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылсын!
Қарар 2023 жылғы 5 қаңтарда, Алматы қаласында, Тәуелсіздік алаңындағы жиында қабылданды.