Бүгін 31 мамыр. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын тарихи күн. Қазақ тарихындағы орны толмас жоғалтулардың ішіндегі аштық пен қатар аталатын қаралы күн. Сонау өткен ғасырдың қойнында қалып бара жатса да, күн өткен сайын жаралы рухымыздың жадында жаңғыра береді.
Миллиондаған қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың ішінде қазақтың жоғалтқаны көп. Ашаршылықты айтпағанда 100 мың адам осы қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Тоталитарлық жүйенің елімізге салған зиянын айтып жеткізу мүмкін емес. 20 мың адам атылды, олар қазақтың біртуар азаматтары еді. Олардың ішінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушылар, ұлт жанашырлары болды.
Сондай-ақ, өзге жерден сүргінделіп келген басқа ұлттар да көп болды, осылайша көп ұлт пен ұлыс тұратын елге айналдық. Қазақ жері өзгелер үшін жайлы мекенге айналды. Итжеккенге айдалып, қанша қазақтың сүйегі шашылып далада қалды. Қанды қасаптың қасіретін тартқан ел біздей-ақ болар. Өткеннен сабақ алып, өзгенің боданынан арылатын күнге жетуге хақымыз бар. Өткенге салауат, тіріге береке керек.