Ресей Украинада дегеніне жете алмаса ядролық қаруын пайдалануы мүмкін бе? Бұл қазір АҚШ барлау қызметін ойландыратын басты сұрақтың біріне айналды. АҚШ барлау қызметінің жоғары жетекшілері Ресей Украинада «үмітсіздікке тап болса» Кремль ядролық арсеналының бір бөлімін босатуы мүмкін деп алаңдайды.

Кеше, АҚШ Орталық барлау агенттігінің (ОБА/CIA/ЦРУ) директоры Уильям Бернс әлемді алаңдатқан осы мәселе бойынша өз пікірін ортаға салды. Ол Georgia Tech студенттерімен кездесудегі сөзінде: «Әлем Ресей президенті Владимир Путинді төмен бағаламауы керек», – деген пікір айтты. Бернстың пікірінше, Ресейдің тәуекелге деген «тәбеті» сыртқы қысымдарға да байланысты болатынын, «тәуекел сенімі қысқан сайын күшейе түсуі» мүмкін.

Соғыс басталған шақта Путин НАТО елдеріне ескерту негізінде, сыртқы тараптан әскери араласу болған жағдайда ядролық қаруды қолдануға бұйырарын айтты. Ал, бейсенбіде Путиннің ең сенімді кадрларының бірі, экс-президент Дмитрий Медведев ескерту жасап, егер Швеция мен Финляндия НАТО альянсына қосылуға шешім қабылдаса, Ресей Балтық жағалауында ядролық оқтұмсықтарды орналастыра бастайтынын айтты. Медведев сөзінде Ресей Калининградта оқтұмсықтарын орналастыруы мүмкін екенін айтты. Ол атаған Калининград - Балтық теңізіндегі Ресей анклавы, Берлиннен ара қашықтығы 500 шақырымға жетпейді, ал Лондон мен Парижден 1400 шақырымнан аз қашықтықта орналасқан.

Дегенмен, Еуропалық елдер үшін бұл жаңалық деп саналмасы анық. Польшаға тиіп тұрған анклавтың басты стратегиялық мақсаты не екенін ұдайы аңдысып отырған елдер жақсы біледі. Десе де бұл Еуропадағы қайшылықты жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.

CIA жетекшісі сөзінде Владимир Путин мен өзге ресейлік жетекшілердің бұған дейінгі қайшылықтар мен әскери қақтығыстардағы қысымға қарсы ұстанымдарын ескергенде, қазіргі жағдайда ядролық қауіптің жеңіл де болса мүмкіндіктері бар екенін ескертеді. Оның пікірлерінен аңғарғанымыздай, Америка Құрама Штаттары Ресейден төнетін ядролық қауіптен көрі,  Владимир Путин бастаған Кремльдің «Ресейдің саяси ықпал ету аумағын қалпына келтіруге дайынбыз» деп ойлауы және оның салдары көбірек алаңдатады.

The Qazaq Times