1 ақпанда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің депутаттық өкілеті тоқтатылды. Оның орнына парламенттің төменгі палатасының төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды. Орталық сайлау комиссиясы сейсенбі күні оны мәжіліс депутаты ретінде тіркеді. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

Мәжілістің отырысынан тікелей трансляция жүргізілген жоқ. Ақпаратқа қарағанда, депутаттар мәжіліс төрағасы кандидатына құпия түрде дауыс берген. Барлығы Қошанов кандидатурасын бір ауыздан мақұлдаған.

Ал сейсенбі күні депутаттық өкілеті тоқтатылған Нұрлан Нығматулин отырыста сөйлеген сөзінде өз еркімен өтініш бергенін айтып, әріптестеріне, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "лауазымды қызметтерді сеніп тапсырғаны үшін" алғыс айтты.

Ол мәжілістің үш шақырылымында спикер болған. Ол құқық қорғаушылар мен белсенділер сынаған былтырғы парламент сайлауынан кейін қаңтар айында мәжіліс төрағасы болып қайта бекітілген еді.

Қошанов бұған дейін президент әкімшілігіне жетекшілік еткен. Әзірге президент әкімшілігінің жетекшісі болып кімнің тағайындалатыны белгісіз.

60 жастағы Ерлан Қошанов 2019 жылдың қыркүйек айынан бері президент әкімшілігінің төрағасы болған. Мәжілістің үш шақырылымына (2011, 2016 және 2020 жыл) "Нұр Отан" партиясы атынан депутат болып сайланған. 2017-2019 жылдары аралығында Қарағанды облысының әкімі болды. Мамандығы бойынша инженер-механик.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды. Оқиға кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы ауысты. 12 қаңтарда үкімет қайтадан бекітілді. Бір күн бұрын Алматы қаласының әкімі болып Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ерболат Досаев тағайындалды.

Бақытжан Сағынтаев отставкаға кетті. Кейбір сарапшылар билікке сын көбейген шақта Ақорда бірқатар кадрларды ауыстырып, өзгеріс жасағандай кейіп танытып отыр, шын мәнінде Назарбаев кезеңіндегі шенеуніктер бір-бірімен орын алмастырды, жағдай өзгермейді деп санайды.