2 қаңтардағы бейбіт шеруден басталып соңы лаңға, қантөгіске айналып кеткен күрделі жағдай туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Ауыл шаруашылық министрі, Қостанай облысының әкімі, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР үкіметі премьер-министрінің орынбасары болып қызмет істеген Балташ Тұрсымбаев ағамызбен 7 қаңтарда сұқбаттасқанбыз. Әуелгі сұрақ сол кезде тараған бейресми ақпараттан басталған Бүгін интернет қосылған соң саясаткерге қайта қайырылып, қайталап экс президент Назарбаевтың қашып кетті дегені жалған ақпарат екен. Қайталап сұхбат бересіз бе деп едік, Тұрсымбаев: Назарбаев қашпаса енді қашады. Ол сұхбат сол қалпында тұра берсін. Бүгінгі болып жатқан ахуалдарға толықтыру енгіземін. -деді.
– Балташ аға, Назарбаев шынымен кетті ме? Ол қашып кетті деген бейресми сөздер айтылып жатыр...
– Кеткенде – өздігінен кеткен жоқ ол. Иә, қашып кетті! Елді бір өзі 30 жыл езіп келген билігінің абыройсыз ақыры осы болды. Масқара! Енді ол сорақы тарихқа тап болды. 200 миллиард доллар байлығы бар адам не істейді бұл жерде? Ол 2 қаңтар күні қашып кетті. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып, ел президентінен жоғары отырды. Ақыры масқара болып, қызметтен түскен күні қашты.
Енді ол өзімен кетсін! Мен біздің халықтың қайғысын бөлісемін. Арты қайырлы, тыныш болсын! Көптеген адамдар жәйдан-жәй, кінәсі жоқ, нақаттан шейіт болып кетті. Енді оған кінәлі бүгінгі билік, оған кінәлі қоғам, оған кінәлі бүгінгі болып жатқан жағдай.
– Сіз үшін Назарбаев кім еді?
– Кім болушы еді?! Узурпатор! Елдің билігін басып алған озбыр. Мен бұл жөнінде көптен бері айтып келемін. Ол 1995 жылы халықты алдап, өзіне қолайлы жаңа Конституция қабылдап алды. Референдуммен. Егер ол адал, халыққа таза ниетімен қызмет ететін болса, Ата заң елдің мүддесін көздеуі керек еді. Бірақ олай болмады. Ақыры ол халықты тобырға айналдырды, ел билігін ұрлау мен тонауға жол ашты. Мақсатқа тез жетті. Маңайында жүрген көптеген оңбаған шолақ белсенділерді, халықтың сатқындарын қызметке тағайындады, халықшыл азаматтық белсенділер мен өнер қайраткерлерін сатып алды. Премьер-министрді өзі тағайындады. Ол – ұры! Оның орынбасарлары – ұры. Министрлері – ұры. «МВД» – ұры. «КНБ» – ұры.
Елдегі завод-фабрикалардың бәрін құртты, ауыл шаруашылығын түгел қиратты. Содан кейін шетелдің ең оңды жерлерін, зәулім сарайларды өзінің семьясына, жанында жүрген көмекшілеріне сатып алыңдар деп рұқсат етті. Ол сарайлардың бағасы кемінде 50–100 миллион доллар тұрады. Франциядан, Лондоннан, Швейцариядан жалғыз өзінің басына бес-алты үлкен особняктарды сатып алды. Испаниядан жерімен бірге сатып алды. Испанияның королін коррупционер қылып алды.
Сондықтан Назарбаевты ешқандай халық кешірмейді. Ол ойламасын, туыстары мен бүгінгі билікте отырғандар оны халық кешіреді деп ойламасын. Егер халық кешіретін болса, онда бұл елдің зердесі жойылғаны ма?!
– Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан кеткені жөнінде ресми ақпарат берілген жоқ қой...
– Ондай ресми ақпаратты берудің керегі жоқ. Тоқаев айтты ғой: мен енді президент ретінде Қауіпсіздік кеңесін бірге басқарамын деп. Одан артық не ақпарат керек?
– Президент Тоқаев елдегі жағдай жайлы мәлімдеме жасады. Бірақ экс-президент туралы ештеңе айтқан жоқ. Ел тынышталғаннан кейін Назарбаев қайта айналып келуі мүмкін бе?
– Ешқашан қайта айналып келмейді. Біз Назарбаевтың істеген қылмысын жиырма жыл бойы айтып келеміз, соны халыққа жариялауға Қасым-Жомарт Тоқаевты мәжбүрлеу керек. Осыдан кейін шындықты айтсын. Іс қозғасын, мұнымен тергеушілер шұғылдануы керек. Коррупционер ретінде, ұрлықшы ретінде ол жазаға тартылады.
– Бұғанға дейін де біздің билік нешетүрлі қитұрқылыққа барған, оны бәріміз білеміз. Ел тынышталып, қалпына оралғанда, Назарбаев келіп қалса, не істеу керек?
– Халық сол сағатта-ақ алаңдарға шығуы керек. Елдің президентін мәжбүрлеу керек, халықтың алдына шықсын да айтсын: мен Назарбаевқа іс қозғаймын, оны жазалаймын, ұрлаған ақшасының бәрін қайтарамын, халықтың игілігіне жұмсаймын деп. Одан басқа жол жоқ.
– Назарбаевтың жақындарының, отбасының байлықтары туралы көп айтылады. Сол байлықты елге қайтарудың мүмкіндігі бар ма?
– Шетелге шығарған байлықтардың барлығы ашық, оны тауып алу оп-оңай. Шетелдердегі актив ашық болады, оны жасырып қала алмайсың. Сондықтан уақыты келгенде халықтың ырысынан жырып алған барлық байлықтарын қайтаруға күш салатын боламыз. Бұл іспен Әкежан Қажыгелдин мен Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы қазірдің өзінде айналысып жатыр.
Бұл отбасы елдегі «нал» деп аталатын «тірі» ақшаның барлық көзін басып алған. Мәселен, елдегі банктерді айтпағанда, Болат Назарбаев пен Дариға Назарбаева екеуі арақ шығаратын өндірісті бөліп алған. Басқа бизнесмен бұл салаға кіре алмайды. Мен жай ғана бір бизнестің саласын айтып отырмын. Алматының барлық базарлары мен барахолкасы назарбаевтардың меншігінде. Халық жылап-еңіреп солардан бес тиынын тауып жүр. Міне, бұлардың халыққа істеген «жақсылығы». Бұл халыққа жасаған қастандық. Осы қастандықтың бәріне Назарбаевтың семьясы түгел жауап беруі керек.
– Президент Тоқаев реформа жасаймын деді. Оның қандай реформа жасауы мүмкін? Бүгінгі шу шығарып жатқан сайлау туралы, митинг туралы заңға реформа жасай ала ма?
– Ол жасауға мәжбүр болады. Неге десеңіз, қазір барлық мәселенің беті ашылды. Егер қазір Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде реформа жасамайтын болса, оны ешкім кешірмейді. Ол ең бірінші саяси реформа жасауы керек. Халықтың бетін адалдыққа, шындыққа бұруы керек. Ал ол үшін әділ сайлау өткізу керек. Орталық сайлау комиссиясының басында Берік Имашов деген оңбаған отыр, оны қуу керек.
Сондықтан елдегі жағдайдың бәрін орнына келтіру үшін, көп жұмыс істеу керек. Саяси реформа керек. Экономикалық реформаны қайтадан қарап, оны тоқтатпау керек. Қазақтың бай мемлекетін қайтадан орнына қалыптастыру керек.
Егер Назарбаевтың ұрлық жасаған жолымен, оның коррупциялық, саяси ұрлық бағытымен Тоқаев та жүретін болса, оның президенттік қызметі көпке созылмайды. Халық оны саяси тез шешеді. Халық қазір ашынды, оның беті ашылды. Халықпен ақылдасып, елде жедел түрде саяси өзгеріс жасамайтын болса, Тоқаев осы президенттік мерзімінің аяғына дейін жетпей қалады.
– Елдің көп талқылап жатқан тақырыптарының бірі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары Самат Әбіш туралы. Екінші тақырып – елдің бейбіт шеруін биліктің өз пайдасына пайдаланып кетуі. Елдегі қантөгісті содырларға, терроршыларға жауып жатыр. Сол сыртқы күштерді мемлекеттік қауіпсіздік органдары білуі керек еді ғой...
– Мұндай қатердің боларын біз байқап, алдын ала тәуелсіз баспасөз арқылы айтып отырдық. Бірақ оған ешкім құлақ аспады. Рас, Қауіпсіздік комитеті бүгінде немен шұғылданып отыр? Елде уахабиттік-салафиттік ағым күшейіп бара жатқанын Комитет білмеді ме? Осы экстремистік күштердің орнығып, ешқандай шектеусіз дамуына Кәрім Масимов пен Самат Әбіш «крыша» болды. Ал ол екеуінің үстінде тұрған – Назарбаев. Уахабиттер мен салафиттерді Назарбаевтың айтуымен өсірген – сол екеуі. Жалған қоғамдық бірлестіктер құрып алған Қайрат Сатыбалды сырттан әрекет етті. Бұларды соңғы жиырма жыл бойы дайындады. Сол кездегі жиырмадағы жас жігіттер өсіп, бүгінде сақалдары сапсиған терроршы болып шыға келді!
– Назарбаевтың отбасы елден қашып кетті деп жатыр. Ал Масимов елде ме?
– Масимовты қамауға алды. Назарбаевтың жасаған қылмысын осы Масимов сияқты қолшоқпар орындаушыларға жабу басталады. Егер бұл операциялардың артында Кремль мен Путиннің тұрғаны нақ болса, Тоқаевқа Назарбаевты қорғаштаудың барлық қысымы жасалады.
– Осындай қысылтаяң жағдайда қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Тоқаевқа қандай кеңес айтар едіңіз? Ең алдымен халыққа не дейсіз?
– Халыққа, елге айтарым – терроршылардың да әке-шешесі бар. Әке-шешесін тыңдамаса, олар адам емес – айуан. Сондықтан оларды әке-шешесі, туған-туысы қойғызсын! Ол – бір.
Екіншіден, мынау терроризмді, бұзақылықты тоқтату үшін, билік қоғам белсенділерінің бәрін осы жұмысқа тартуы керек. Ұлт жанашырлары ұсыныстарын енгізсін. Ал билік соны ескеріп, жоспарлы бағдарлама қабылдауы керек. Бұдан басқа жол жоқ.
Мысалы, дамыған мемлекетте не бар? Парламент бар – бақылайды. Тәуелсіз медиа бар – бақылайды. Партиялар бар – бақылайды. Ал бізде не бар? Ештеңе жоқ қой! Назарбаев жат дегенін – жатқызады, тұр дегенін – тұрғызады, өлтір дегенін – өлтіреді. Біз осылай 30 жылды жоғалттық. 30 жылымыз ешқандай нәтижесіз, желге ұшып кетті. Назарбаевтың 30 жылғы билігі масқара сорақылықпен аяқталды!
Ал егер Тоқаев мырза осындай тәуелсіз институттарды қалыптастырмайтын болса, тарихта өте жаман атымен қалады. Бізде Тоқаев коррупционер емес деген сенім бар. Болып жатқан жағдайды түзейді деп ойлаймын. Ең әуелі Назарбаев пен оның әулетінің қаржысын мемлекетке қайтару керек. Әйтпесе олар сол ақшаға қайтадан терроршылар дайындайды. Олар қазір де мемлекетті қалай сүріндіруді ойластырып отыр.
– Кеше тағайындалған Қазақстан үкіметінің жаңа премьер-министрі туралы қандай пікір айтар едіңіз? Жалпы, Әлихан Смайылов деген кім?
– Әлихан мырзаның кім екені маған қызықты емес. Ерекшелігі сол – Назарбаевқа жаға білді. Үкіметтегі көп менеджерлердің біреуі ғана. Мәселен, кезіндегі Әкежан Қажыгелдиннің бір орамына тұрмайтын премьер боларына сенімдімін.
Осы тағайындауға қарап, мынадай тұжырымға келдім: кезінде Назарбаевтың ықпалымен өскен, бұрынғы үкіметтің құрамында ешқандай ерекшелігімен танылмаған тұлғаның премьер болуы президент Тоқаевтың өзіндік экономикалық командасы жоқ па деген ойға негіз болатын сияқты.
– Ал қоғам мен биліктің арасында теке-тірес туған осынау шақты сіз үкіметтің құрамында кімдер болуы керек деп ойлайсыз?
– Егер дәл осы жолы үкімет басына Ораз Жандосов немесе Мұхтар Жәкішев сияқты танымал және профессионал тұлға тағайындалғанда, президент Тоқаев ұсынған экономикалық блоктың нәтижесіне қоғам мен халықтың сенімі нығая түсер еді. Сол сияқты жаңа үкіметтің құрамында Арман Шораев пен Барлық Меңдіғазиев сияқты әрі патриот, әрі білікті азаматтар болғанда, президент Тоқаевтың жаңа бастамалары баянды болар еді. Енді болар іс – болды. Күтейік! Үмітіміз үзілмеген халықпыз ғой...
– Балташ аға, елдегі соңғы жағдайларды ескерер болсақ, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі мүмкін бе?
– Мүмкін ғана емес, сайлау міндетті түрде өтуі тиіс! Елге еш пайдасы тимеген назарбаевтық парламентті қуу керек. Жаңа парламент әділ сайлаудың негізінде қоғам өкілдерінің толық қатысумен өтуі тиіс. Ол үшін сайлау туралы заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізілуі керек. Тіркеу процесінен өте алмай жүрген партиялар тіркеуге алынуы қажет. Жаңа парламентте азаматтық қоғамның толық спекторы қамтылуы тиіс!
– Ал сонда «Нұр Отан» партиясының бұдан былайғы тағдыры не болады деп ойлайсыз?
– Бұл партияны күресінге лақтыратын уақыт туды! Менің ойымша, президент Тоқаевты төрағалыққа сайлайтын алдағы съезде «Нұр Отан» партиясы тарқап, билік партиясы жаңаша атаумен жаңаруға тырысады. Бірақ бұл өзгеріс тағы да көзбояушылықпен өтеді деп ойлаймын. Себебі елде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қасаң бюрократия мен назарбаевтық режим бұл партияны бұрыла алмайтын өгізге айналдырып жіберді. Ал «өк» дегеннен басқаны түсінбейтін өгізден не күтуге болады?
– Ендеше мұндай жағдайда сіз жетекшілік ететін «Ел мен Жер» қозғалысы партияға айналуды ойластырып отырған жоқ па?
– Жақсы сұрақ. Біз қозғалысты партияға айналдыру трансформациясын ойластыруды қолға алдық. «Ел мен Жердің» осы дүйсенбі күні өткен төралқа отырысында бұл мәселе сөз болды. Бірақ қалай болғанда да, ең алдымен елдегі саяси партиялар туралы заңнамаларға өзгеріс енгізілмей, партия құру мәселесі оңай болмайды. Сондықтан бүгінгі парламент халық алдында ақталуы үшін, демократиялық қатынастарды қалыптастыруға ықпал ететін тиісті заңнамалық құжаттарға шұғыл өзгерістер енгізлуі тиіс деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет, Балташ аға! Істеріңіз ілгері болсын!