«The Qazaq Times» ақпарат агенттігінің отандық ақпарат кеңістігіне шыққанына 5 жыл толды. Осы уақыт ішінде азаматтық қоғамның дамуы мен тәуелсіз журналистиканың өркендеуіне қал-қадірімізше қызмет етуге тырысып келдік. Тәуелсіз болдық. Ашық көзқарасымызды анық көрсете алдық. Әуелгі бағытымызды, журналистикаға тән бейтараптық қағидасын ұстандық. Бұра тартпадық, бұқпантайлап қалмадық. Елдегі санаулы отандық тәуелсіз БАҚ-тың қатарында болдық.
Бұл күнде сайтымыздың қазақ және ағылшын тілді ақпарат кеңістігіне ұсынған контенттер саны 100 мыңға жетті. Бұл контенттерде халықаралық және ел ішіндегі елеулі саяси, әлеуметтік маңызды деген оқиғаларды, соларға қатысты сараптамалар қамтылды. Бұдан тыс, ғылым-технология, кісілік құқық, тарих, әдебиет тақырыптарында да біршама мол контент қорына ие болдық.
Жыл сайын әлемдік ақпараттан АҚШ-Қытай, АҚШ-Ресей, Қытай-Тайуан, Қытай-Шынжаң және Орта, Таяу-Шығыс, Ауғанстан, Ресей, кәрі құрлық Еуропаның экономикалық және гео-саяси жағдайын, жаңалықтарын қазақ оқырмандарына жеткізуге тырыстық.
Ал, ел іші мәселелерінен, биылғыны айтқанда, жыл басындағы мәжілсімендерді сайлаудан бастап жыл ортасындағы ауыл әкімдерін сайлаудағы көрінген кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды, өз талап тілегін айтуға бейбіт шеруге шыққандардың құзырлы органдардың күштеп ұстап жатқандарын, сондай-ақ "естушы мемекет" тұжырымдамасын ұсынған ел президентінің орындалмай жатқан уағдалары туралы ашық қаузап келдік.
Өтіп бара жатқан сыйыр жылындағы төрткіл дүниенің түкпір-түкпіріндегі айтулы оқиғалардың, Қазақ еліне қатысы, ықпалы болуы мүмкін деген ауқымды мәселелердің жаңалығын, жай-жапсарын ашқан сарапатамаларын қазақ қоғамына, саналы, көзқарақты ортаға жеткізуге күш салдық.
«The Qazaq Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының жұмыс істегеніне 5 жыл толуына орай, бізге сенім білдірген көзқарақты оқырмандарымызға айтар алғысымыз шексіз! Санаулы тәуелсіз ақпарат құралының бірі ретінде, бұрауына сұрауы ілесіп жүретін мемлекеттік тендірге телміртпей, өз ой, өз позициямызды сақтауға зор мүмкіндік берген демеуші азаматтарға да мың да бір алғыс!
Редакциямыздың атынан, елдің амандығын, жұрттық тыныштығын, барша отандастарымыздың, иісі қазақ қандастарымыздың бай-қуатты болуын шын жүректен тілейміз! Тәуелсіз ақпарат кеңісігі кеңіп, азаматтық қоғам алға баса бергей!