Кеше, 9 желтоқсан Орталық Америкадан тағы бір ел Тайуанмен (Тайвань) ұзақ жылдық дипломатиялық байланыстарын тоқттатып, Бейжіңді ресми мойындады. Бұл жағдай Тайбейдің (Тайбэй) онсызда аз қалған дипломатиялық байланыстағы елдерінің санын тіпті де қысқарта түсті.

Никарагуа Сыртқы істер министрлігі Тайуанмен дипломатиялық байланысты үзгені туралы ресми мәлімдемесін ағылшын және испан тілдерінде жариялады. Онда: «Никарагуа Республикасының үкіметі бүгін Тайуанмен дипломатиялық қарым-қатынасты тоқтатты және кез келген байланыс пен ресми қарым-қатынасты үзді», – делінген.

Никарагуа Тайуанмен ресми байланыстарды үзумен қатар оны Қытайдың ажырамас бір бөлігі деп танитынын да мәлімдеді. Аталмыш мәлімдемеде: «Қытай Халық Республикасы бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет, ал Тайвань Қытай территориясының ажырамас бөлігі болып табылады», – делінген.

Тайуан СІМ тарабыда мәлімдеме жасап, Никарагуаның кезекті шешіміне «өкініш білдірді». Сондай-ақ, барлық екіжақты байланыстар мен ынтымақтастық келісімдірін, көмек миссияларын тоқтататынын, елшілерімен азаматтарын шығарып кететінін жеткізді.

Бейжің үкіметі өзімен дипломатиялық байланыс ортанқан кез-келген елден «Бір Қытай принципін» мойындауды талап етеді. Аталмыш принцип Тайуан аралы Қытайдың ажырамас бір бөлігі және ҚХР Қытай мемлекетін білдіретін бірден-бір заңды билік деген ұстанымдарды қамтиды.

The Qazaq Times