Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын ауқымды жобасы Азия, Африка, Үнді-Тынық мұхит елдерінен тартып Еуропалық Одаққа мүше елдерге дейін жетіп үлгірді. Қытайдың ықпалын арттыруға тікелей әсер ететін бұл жобаға қарсы тұру үшін ЕО тарабы 340 миллиард АҚШ долларын бөліп, глобалдық инвестиция жобасын құратынын мәлімдеді.
Жол, темір жол, порт секілді инфрақұрылымдарды жетілдіруге инвестиция салатын қытайлық жоба Батыс Балқан түбегіндегі Хорватия, Грекия секілді ЕО мүшелерінің инфрақұрылымдарына араласып кетті. Айталық, Пирейдегі (Грекия) маңызды порттың үштен екі бөлігіне Cosco атты қытайлық компания иелік етсе, China Road and Bridge Corporationдеп аталатын Қытай компаниясы Хорватиядағы аса маңызды көпір құрылысын салып шықты.
Осы жағдайларға байланысты ЕО тарабы Қытайдың жаһандық жобасына балама жоба әзірлеуге кірісті. Қазірше Global Gateway аталатын жобаға бөлінетін қаржы көлемі тұрақтанды, инфрақұрылымдар мен өзге де нысандарға грант негізінде емес, кепілдік немесе несие түрінде берілмек. Жобаны толықтай сенімді брендке айналдыру ЕО-ның басты мақсаты болғалы отыр.
Аталмыш жобамен ЕО демократиялық мәмілені, жаһандық жылынуға қарсы күресті, сондай-ақ, жаһандық денсаулық сақтау саласын дамытуды, дамып келе жатқан елдердің дамуын тұрақтандыру секілді маңызды нысаналарды орындай аламыз деп санайды.
Қазір Еуропа Одағы жобаны жүзеге асыратын «сенімді серіктер» іздестіріп жатыр және кемелді жүйесін құру үстінде. Жемқорлыққа, парақорлыққа, қаржы жылыстату секілді көлденең суық қолдарға қолды болмас үшін қаржыны игерудің жүйесі кемел және талабы да қатаң болуы мүмкін.
ЕО елдерінен көрі Қытай инвестициясын алу көптеген дамушы елдерге оңай, тартылған инвестиия, алған қаржы бойынша соңынан түсіп жатқан сұрағы аз. Алайда, қарыз қайтпаған жағдайда Қытай өзі инвестиция салған инфақұрылымға иелік ететін келісімдер кездеседі. Осы арқылы Қытай кейбір елдерді қарызға батырды деп айыпталуда.