Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы құқық қорғаушыларға қалада шеру өткізуге тағы рұқсат бермеді. Бұл жөнінде "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook'тағы парақшасында хабарлады деп жазды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, әкімдіктегілер оларға 11 желтоқсанның орнына 27 қарашада митинг өткізуді ұсынған. Құқық қорғаушылар бас тартқан. Бұған дейін олар шеру өткізуге рұқсат бермеген әкімдікті сотқа берген еді. Алғашқы отырыс 17 қарашада өтуі тиіс.
"Иллюзияға берілмейміз, шешімді сотқа беріп, қаулысын алғаннан кейін бұл елде заң да, қисын да, Конституция да, президент сөзінің де салмағы жоқ. Адам құқығын ешкім сақтығысы келмейді" деп жазды құқық қорғаушы. Олар соңғы жауапқа байланысты да сотқа шағым түсіретінін айтты.
Осымен әкімдік бір айға жуық ішінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуовке шеру өткізуге екінші рет рұқсат бермей отыр. Олар соңғы рет 8 қарашада хат тапсырып, 11 желтоқсанда Махатма Ганди алаңынан бастап, Шевченко көшесінің бойымен жүріп, Шоқан Уәлиханов алаңына дейін 4 сағат шеру өткізетінін хабарлаған. Митинг тақырыбын "Барлығының құқықтары мен еркіндігі сақталсын!", "Дискриминацияға жол жоқ!" деп көрсеткен.
Осыған ұқсас жағдай алдында да қайталанған.
"БелсенділерЭкстремистЕмес" (АктивистыНеЭкстремисты) құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесінен бері Қазақстанда 22 қала мен елді мекенде бейбіт жиын өткізу туралы 148 өтініш орындалмаған, 118-і биыл тіркелген.
Қазақстанда былтыр "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.
Бұған дейін Human Right Watch халықаралық ұйымы және басқа да құқық қорғаушылар қазақ билігін коронавирус пандемиясын пайдаланып, адам құқығын шектеп отыр деп сынаған.