Алматы қаласының әкімдігі құқық қорғаушыларға бейбіт жиын өткізуге тағы да рұқсат бермеді. Президент Тоқаевтың «еш рұқсаттың керегі жоқ», митинг ұйымдастыру тәртібі бойынша жергілікті билікті құлақтандыру жеткілікті деген уәжіне қарамастан, «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының кезекті өтініші қанағаттандырылмаған.
Сейсенбі, 16 қарашада «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісіндегі жеке парақшасында әкімдіктің монтаж-жөндеу жұмыстарын алға тартып, рұқсат беруден бас тартылғанын жазды. Ресми жауапқа қалалық қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары А.Есенбеков қол қойған.
Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, әкімдіктегілер оларға 11 желтоқсанның орнына 27 қарашада митинг өткізуді ұсынған. Құқық қорғаушылар бас тартқан. Бұған дейін олар шеру өткізуге рұқсат бермеген әкімдікті сотқа берген еді. Алғашқы отырыс 17 қарашада өтуі тиіс.
«Иллюзияға берілмейміз, шешімді сотқа беріп, қаулысын алғаннан кейін бұл елде заң да, қисын да, Конституция да, президент сөзінің де салмағы жоқ. Адам құқығын ешкім сақтығысы келмейді» деп жазды құқық қорғаушы (Азаттық радиосының аударма нұсқасында берілді).
Өтінім берушілер кезекті тыйымға байланысты тағы да сотқа шағым түсіретінін айтты. Осымен әкімдік бір айға жуық ішінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуовке шеру өткізуге екінші рет рұқсат бермей отыр. Олар соңғы рет 8 қарашада хат тапсырып, 11 желтоқсанда Махатма Ганди алаңынан бастап, Шевченко көшесінің бойымен жүріп, Шоқан Уәлиханов алаңына дейін 4 сағат шеру өткізетінін хабарлаған. Митинг тақырыбын «Барлығының құқықтары мен еркіндігі сақталсын!», «Дискриминацияға жол жоқ!» деп көрсеткен.
Қазақстанда билікшіл тараптар «саяси реформаның көрінісі» ретінде жиі мақтайтын митинг туралы заң былтыр көктемде пандемияның аласапыран кезінде асығыс қабылданған. Президент Тоқаев «митинг өткізу айтарлықтай жеңілдеді» дегенімен, жергілікті биліктер белсенділердің көп өтінішін орындамай, түрлі себепті сылтауратып, рұқсат бермейді. Ал мұндай санкцияланбаған жиындарға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін пандемияны өз ыңғайына қолданып, адам құқығын шектеуге көшкенін қатты сынап, адам хақы декларациясындағы міндеттерді орындауға шақырған.