Қазан айында ең көп сырқат тіркелген Алматыда 6716 адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 130 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 4 мыңға жуық тұрғыны емделіп жатыр. Төртінші толқынның шарықтау кезеңіне қарағанда бүгінде көлемі екі есеге қысқарған ауруханалардағы төсек-орындардың 39%-ына науқастар жатқызылған.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 19 қазанда тіркелген 312 адамның 303-і симптом белгілерімен, тағы 9-ы симптомсыз. Бұл дүйсенбі күнгі жағдайға қарағанда 62 жағдайға көп. Сонымен қоса, сейсенбі күні 127 адам ауруханаға жатқызылған.

Жалпы қалада сыйымдылығы 3179 орын болатын инфекциялық стационарларда 1255 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 31 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 129 науқас жатыр. 27 адам ӨЖЖ, 72 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 20 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 2694 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.

Апта басы дүйсенбіде бір адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Қазан айында 123 алматылық осы дерттен көз жұмған.

Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 981 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 906 мыңы толық дозасын алған. Оның 120 мыңға жуығы 60 жастан асқан азаматтар. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.

Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 183 мыңдай адам ауырған, оның 6,8 мыңы қазан айында анықталып үлгерді. Қазір республикада тіркелетін күнделікті есептің кемінде 15-20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр. Үш жарым айдан бері «қызыл аймақтан» шыға алмай отырған қала аурушаңдық бойынша бірінші қатардан түспей келеді.

The Qazaq Times