Қазақстанда инфляция қаңтар-қыркүйек аралығындағы тоғыз айда 8,9%-ға жетті. Ұлттық банк жыл соңында 8,5%-дан асырмауға уәде беріп отыр. Бірақ сарапшы бұған күмәнмен қарайды, ол рекордтық мәнде ресми статистика 10%-ға жетеді деп болжайды. Пандемия кезіндегі дағдарыс бүйірінен қысқан халық тұрмысы биыл айтарлықтай нашарлағаны белгілі. Шынайы инфляция көрсеткіші мен оның себебі жөнінде сарапшының пікірін біліп көрдік.
Бүгін, сейсенбіде өткен дәстүрлі Үкімет отырысында инфляция өсімі туралы ресми дерек айтылды.
«Бірқатар факторлардың әсерінен Қазақстанда қыркүйек айында маусымдық көкөніс 8,7% және жеміс-жидектің 2,4%-ға арзандағанына қарамастан, инфляция 8,9%-ға жетті», – деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев сейсенбідегі баяндамасында.
Оның мәліметінше, азық-түлік инфляциясының өсімі жалғасып жатыр. Бір айда 11,5%-ға дейін ұлғайды, ет (1,3%), өсімдік майы (0,6%) және қант (1,1%) үздіксіз қымбаттады. Одан өзге қыркүйек айында дизель отыны (3,8%), газ (0,9%) және көмір (1,9%) бағасы да айтарлықтай шарықтады. Қазан айының алғашқы аптасындағы өсім қаңтар айымен салыстырғанда 9,9%-ға артқан.
Жанар-жағармай одан әрі қымбаттай берсе, астық бағасы өседі. Ал бұл инфляцияны тұрақтандыруға үлкен кедергі тудыратыны анық дейді. Бас банкир инфлияциялық қысымның негізгі көзі – Қазақстанның ірі сауда серікстесі Ресейден екенін жасырмайды.
Үкімет пен Ұлттық банк жоспарды орындай алмады. Шынайы статистика...
– Ұлттық банктің инфляция жоспарына қарасақ, биыл 4-6% аралығы белгіленген еді. Қазір 8-9%. Кейінгі жылдары инфляция 6%-дан асып келеді. Қарқын өсе бастады, қазір екі есе артып жатқанын көруге болады. Жыл соңына дейін инфляция шарықтайды, 10% төңірегінде артады, – дейді экономист Мақсат Халық.
Сарапшының айтуынша, азық-түлік инфляциясының өзі 11,5% болуы – азаматтардың төлем қабілеті нашарлап, кедейшіліктің көбеюін көрсетеді. Отбасы шығынының ең көп бөлігі де осы тауарлар екені белгілі. Маман инфляцияның нақты көрсеткішін анықтауға арналған формуланың қазақстандық нұсқасы ескіргенін айтады.
– Инфляция бағамын есептерде тұтынушылық себет назарға алынады. Бұл Қазақстанда осыдан 15 жыл бұрын, 2006 жылы 43 тауар арқылы тізімделген. Әлемде тұтынушы себеттерге 200-600 түр аралығындағы тауар-қызметтер кіретінін ескерсек, біздегі шынайы инфляция әлдеқайда жоғары екенін аңғару қиын емес, – дейді Халық.
Экономистің пікірінше, шынайы қалыптасқан жағдайға қарағанда, инфляцияның пркатикадағы көрсеткіші «20%-дың үстінде деуге болады».
ЕЭО-ға мүшелік инфляцияға ұтылуға әсер етіп отыр
Сарапшы Еуразиялық экономикалық одақтың аясында жасалып жатқан «ортақ нарық – бірыңғай баға» келісімдерінің себебінен елде кейбір тауарлар қымбаттады деуге негіз бар деп есептейді.
– Халықтың әлеуметтік жағдайы тұрғысынан айтар болсақ, аталған одақ шеңберіндегі бағаны біріздендіру саясатынан ұтылатынымыз көп. Өйткені Қазақстандағы халықтың табысы Ресейге қарағанда төменірек, оны ең төменгі жалақыдан көруге болады. Демек тауарлардың бағасы бірізденер болса, халықтың тұрмысы мен төлем қабілеті нашарлайды. Мәселенің екінші ұшы, егер мемлекет осы миссияға ұмтылса, онда халықтың табысы да жоғарылау керек, – дейді.
Ресми ең төменгі жалақы мөлшері Ресей Федерациясында 178 доллар (12 792 рубль), ал Қазақстанда шамамен екі есеге төмен, яғни 99 доллар (42 500 теңге) көлемінде белгіленген. Экономистер кейбір тауарлар мен жанар-жағармай бағасын теңестіруге тырысқан Ақорда мен Кремль талпынысы шеңберінде бір тауарға бекітілген баға еріксіз түрде соған байланысты басқа бірнеше тауардың қымбаттауына алып келетін нарықтың тәуелділік заңдылығын біле тұра көз жұма қарауы «келісілген жеңілісті» еске салады дейді.
«Инфляциямен күреске жауапты Үкіметтің қателігі»
Келесі жылы инфляция дәлізін қалыпқа келтіру жұмысы Ұлттық банкке жүктелді. Бірақ «қазіргі қымбатшылыққа (ең қарапайым мысалдың бірі – азық-түлік пен дизель отынының қымбаттауы) қарағанда, алдағы жылы да бұл межеге жете қою екіталай» дейді сарапшы. Ол жалпы инфляциямен күресте Үкімет маңызды рөл атқарады дейді.
– Ұлттық банк пен Үкімет арасындағы үндестік ең басты элемент, олар инфляцияның негізгі себептерін зерттеу қажет. Үкімет алдында сырттан келетін тауарлар мен қызметтерге тәуелділікті азайтуға арналған «Қарапайым заттар экономикасы» деген «есі дұрыс» бағдарламасы арқылы импортты алмастыратын тауарларды көптеп өндіру-шығару міндеті тұр, – деп ұсынады тығырықтан шығу жолын нұсқап.
Ұлттық қор қаржысын жұмсау инфляция өсіміне себеп болғанын айтқан сарапшы тағы бір маңызды себебі – «айналымдағы ақша массасының ұлғаюы» дейді.
– Ұлттық банктің статистикасына қарасақ, былтыр қазан айында қолданыстағы ақша массасы 24 трлн 180 млрд теңге болған, ал қазір бұл көрсеткіш 28 трлн теңгеден жоғары. Ақша массасының ұлғаюына орай, өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі артуы тиіс еді. Сол кезде теңгерім арқасында инфляция өсімі елеусіз деңгейде болып, халық өсімді қатты сезінбес еді. Қазақстан жағдайында ақша массасы ұлғайғанымен, өндіріс пен өнім көлемі қысқарды. Теңсіздік салдарынан баланс бұзылып, стихиялы түрде қымбатшылық қаптады. Тауарды өндірумен Ұлттық банк айналыспайды, түптеп келгенде Үкіметтің міндеті, – дейді Мақсат Халық.
Оның пікіріне қарағанда, Үкімет қаншама жылдар бойы жүзеге асырып отырған индустрияландыру бағдарламалары жемісін бермей, теңге құны артпайды және инфляция төмендемейді.
Қазақстанда кейінгі бес жылдағы көрсеткіштен асып түскен биылғы инфляция өсімі көпті алаңдатып отыр. Пандемия мен дағдарысқа қарсы бөлінген қомақты қаржының жұмсалуын дұрыс үйлестіре алмаған, бақылаудан шағарып алған билік өндірілетін тауар көлемін емес, бағасын шарықтатып алды. Мамандардың тұжырымы осыған саяды. Олар ресми мәліметтің шынайылығына күмәнмен қарайды.