АҚШ пен Ресей сыртқы істер министрлері телефон арқылы диалог өткізді. Сөйлесу барысында АҚШ-Ресей қатынасынан тыс Иранның ядролық келісімге қайта оралуы тақырыбы да талқыланған.
АҚШ Мемлекеттік департаментігінің 6 қазандағы сөйлесу туралы мәлімдемесінде мемлекет хатшысы Блинкен мен РФ СІМ басшысы Сергей Лавров арасындағы талқының басты тақырыбы Иран ядролық келісімі болғаны айтылған.
Блинкен сөзінде: «Сөйлесу барысында біз өзіміздің қайда тұрғанымыз және қайда баратымыз туралы ұстанымдарымызды жеткізуге мүмкіндік алдық», – деген.
Лавров та сөйлесу барысында ядролық келісімге келу туралы келіссөздерді мүмкіндігінше тез арада қалпына келтіру керек деген пікірін білдірген. Ол сондай-ақ, «Халықаралық қауымдастық Құрама Штаттарды ядролық келісім бойынша өз міндеттерін орындайды деп үміттенетінін», «Иран мен оның түрлі сауда серіктеріне заңсыз шектеулерді тоқтатады деп сенетінін» жеткізген.
Жақында Иран сыртқы істер министрі Абдуллахиян Мәскеуде осы мәселе бойынша Лавровпен кездесіп талқылған болатын. Ол кездесуден кейін келіссөз бойынша түрлі консультациялар жүргізіп жатқандарын, көп ұзамай Венада келісімге қайта оралу бойынша келіссөздер басталатынын айтқан.
Байден Иранмен бұрынғы ядролық келісімге қайта оралуға ниетті екенін бірнеше рет білдірген, алайда тақырып бойынша келіссөздер түрлі себептермен кешігіп келеді. Блинкен осыдан бұрын Иранмен келісімді егжей-тегжейлі сөйлесуге уақыттың аз екенін де айтқан.
Иран 2015 жылы Германия, Қытай, Франция, Ресей, Британия және АҚШ қатысқан «Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарына» (JCPOA) қол қойды. Бұл «Иран ядролық келісімі» дейтін бейресми атпен белгілі келісім. Алайда, 2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісім Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне түбегейлі шектеу қоя алмайды деп айыптап, келісімнен біржақты шығып кетті әрі осы келісім бойынша тоқтап тұрған Иранға қарсы экономикалық санкцияларды қайта іске қосты. Осыдан кейін де Иран уран байыту бойынша келісімдегі шектеулерден шықты.
Қазір аталған елдердің арасында келісімді қайта қалпына келтіру бойынша сөйлесулер жүріп жатыр. Келісімнің мазмұнында қандай да бір өзгерістер бола ма, жоқ, бұл жағы қазірге анық емес. Бірақ, Иранның жаңа үкіметі келісім бойынша сөйлесуге ашықтығын аңғартты.