Кеше, 16 қыркүйекте құқық қорғаушы Әлима Әбдірова Ақтөбе облысы әкімдігі алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, Еуроодақтан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа санкция салуын сұрады. Бұл жайлы Азаттық радиосы жазды. 

Басылым ақпаратына қарағанда, Әбдірова "Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев пен ол тағайындаған соттар адам құқығын жүйелі түрде бұзып отыр" деп санайды.

"Осы пикетті өткізу үшін қала әкімдігіне бірнеше рет арыздандым. Басында әкімдік жалғыз адамдық, бейбіт акцияны өткізуге тыйым салды. Олар "Елбасы туралы" заңға сүйеніп, елбасының қолсұғылмаушылығын алға тартты. Бірақ әңгіме сыртқы саясат туралы. Еуродақтың "Елбасы туралы" заңға қатысы жоқ. Яғни, Назарбаевқа санкцияны Еуроодақ сала алады. Мен соны сұрап шығып тұрмын" деді Әлима Әбдірова.

Әбдірованың Азаттыққа айтуына қарағанда, пикет өткізуге қала әкімдігі рұқсат бергенін. Мұна қала әкімдігі де растаған. Пикеттің бірінші күні өздерін "әкімдіктенбіз" деп таныстырған бірнеше адам Әбдірованы сырттай бақылап, видеоға түсірді.

Азаттықтың жазуынша, ақтөбелік құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова мұндай наразылық шараларын көптен бері өткізіп келеді. Былтыр қыркүйекте олар Ақтөбедегі қала әкімдігіне барып, "құқық қорғаушылар мен олардың отбасы мүшелеріне жүйелі түрде қысым жасайтын" билікке наразылық білдірген.

The Qazaq Times