Кеше, 9 қыркүйек күні кешке Алматы әуежайына қонған Қазақстан қарулы күштерінің арнайы ұшағы Ауғанстаннан 41 жолаушыны жеткізді. Олардың 35-і Ауған қазақтары. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады. 

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгін Ауғанстаннан 35 қандастың тарихи отанына оралуы ұйымдастырылды. Қазақтармен бірге Ауғанстаннан Алматыға 4 қазақстандық, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған жеткізілді.Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланады. Эвакуациялық рейсті ұйымдастыру "Талибан" қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды" делінген СІМ хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр және Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста.

"Өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстары жалғасады" деп хабарлады СІМ.

Қазақстан билігі "Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе 200-ге тарта этникалық қазақ бар" деп мәлімдеген. Бірақ Ауғанстанда тұратын қазақтар өздерінің бұдан көп екенін айтып, 30-ға тарта отбасын санап шыққан.

The Qazaq Times