Елден қашып кеткен Ауғанстаның бұрынғы президенті Ашраф Ғани сәрсенбі күні (8 қыркүйек) «Твиттер» арқылы мәлімдеме жасап, «басқаша істей алмағаны үшін» кешірім сұрады.
15 тамыз тәліптер Кабулға басып кірген кезде сол кездегі президент Ашраф Ғанидың елден қашып кеткені туралы мәлімет тараған, Ресей елшілігінен тартып оның көлік толы ақша (шамамен 169 млн АҚШ доллары делінген) алып кеткені де айтылған. Бірер күнге дейін Ашраф Ғаниды Өзбекстан немесе Тәжікстанға бас сауғалап кетті деген де ақпараттар шыққан. Кейін ол Біріккен Араб Әмірлігінен видео мәлімдеме жасап, қан төгісті болдырмау үшін елден кетуге мәжбүр болғаны айтқан еді, әрі өзімен бірге қыруар ақша алып қашқаны туралы айтылғандарды терістеген.
«Кабулдан кетіп қалуым өмірімдегі ең ауыр шешімдердің бірі болды, – деді Ашраф Ғани кешегі мәлімдемесінде, – Мен президент сарайы қызметкерлерінің қауіпсіздік талабы бойынша шығып кеттім. Олар маған Кабулда қалатын болсам 1990 жылдағыдай қаладағы қақтығыс азаматтық соғысқа ұласып кететінін айтты», – дей келіп, Кабул мен оның 6 млн халқын қорғау үшін осындай шешімге келгенін жазады.
Тұрақсыздық жағдайда елді тастап кеткен Ашраф Ғанидың әрекеті Ауғанстандағы саясаткерлер жағынан қатты сынға қалған болатын. Өмірінің 20 жылын Ауғанстанның тәуелсіз ел ретінде демократиялық дамуына арнағанын айтқан ауғанның бұрынғы президенті өз билігінің «бұрынғы президенттердікі секілді аяқтағанына қатты өкінген». "Басқаша әрекет ете алмағаны үшін" ауғанстандықтардан кешірім сұраған. Сонымен бірге, өзінің елден кетуіне себеп болған түрлі мәліметтерді алдағы уақытта бөлісетінін ескерткен.