Мемлекеттік "Хабар" телеарнасының журналисі Ақбөпе Тәңірберген Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі ғимаратынан күштеп шығарылды. Әкімдік журналисті күштеп шығаруға оның ғимаратқа "Ашық" қосымшасынсыз кіргені себеп болғанын айтып, Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тілшінің турникет астынан өтіп бара жатқан видеосын жариялады. Журналистің мұндай әрекетке баруына не себеп болды? Әкімдік күзетшісі тілшіні неге күштеп шығарды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Ақбөпе Тәңірбергеннің айтуынша, ол ғимараттағы турникетің астынан өтуге мәжбүр болған. Өйткені әкімдіктегілер түсірілім тобын бірнеше сағат бойы ғимаратқа кіргізбей, сұхбат беруге құлықсыздық танытқан.
– Мен "Әкім" деген бағдарламаны дайындайтын журналиспін. Біз түске дейін тұрғындармен тілдесіп, қандай мәселелері бар екенін білеміз. Түстен кейін әкімдікке барамыз. Әкім кабинетінде отыр ма, сыртта жүр ме бірден қалай бар, солай түсіреміз. Бағдарламаның ерекшелігі сонда, бара жатқанымызды алдына ала ескертпейміз. Ал Алатау ауданы әкімдігіндегілер журналистерді күтпей қалса керек. Біз барғанда әкім аппаратының басшысы "Неге алдын ала хабарласпайсыздар, қандай сұрақтарыңыз бар, айтыңыз, біз оған жауап дайындайық. Әр саланың, әр бөлімнің мамандары бар, солар сіздің сұрағыңызға дайындалуы керек қой" деді. Бұл түскі сағат екіден асқан кез еді. Мен ол кісіге "бөлім мамандараның жауабы қажет емес, маған әкім керек" дедім. Инстаграмнан көрдім, әкімнің нысан аралап жүргені рас екен. Нысан аралап жүрген жерінен көрсетейін деген кезде "әкім сағат 17.30-да әкімдікке келеді, сол кезде келіңіз" деді. Мен "жарайды" деп айтқан уақытта келетінімді жеткіздім, – дейді "Хабар" телеарнасының тілшісі.
Осындан кейін ол аппарат басшысы шақырған уақытта әкімдікке қайта келген, бірақ не әкім, не аппарат басшысы шықпаған. Арада 10-15 минут уақыт өткен қайтадан аппарат басшысы шығып, әкімнің басқа жұмыстары бар екенін және сұхбат бере алмайтын жеткізген.
– "Жарайды, онда орынбасары берсін" дедім мен. Аппарат басшысы әкімдік ғимаратына кіріп кетті. Сөйтті де жоқ болды. Әкім орынбасыры да, аппарат басшысы шықпады. Бұл кезде сағат кешкі алты жарым болған. Күзетшіден әкімдіктегілерді шақырып беруді сұрадым. Олар жұмыс уақыты бітті, өзі кетіп қалады деп ойласа керек. Мен кеткен жоқпын. Себебі маған міндетті түрде сұхбат алуым керек болды. Сонымен еріксіз турникеттің астынан өтуге мәжбүр болдым. Менің қателігім, турникеттің астынан өткенім болып тұр. Оны мойындаймын. Ол жерден мен «Ашық» қосымшасының QR кодын көзім шалған жоқ. Күзетшілер де маған «Ашық» арқылы кіріңіз демеді. Олар тіпті мені кіргізуге құлықсыз болды. Мені ішке кіргізетін ниеттері болған жоқ, – дейді Ақбөпе Тәңірберген.
Осылайша әкімдік күзетшісі тілшіні көтеріп алып, ғимарат сыртына шығарып тастаған.
– Мені күштеп шығарып жіберген соң әкімдік ғимаратының есігін құлыптап алды. Күзетшінің мені лақтырып жібергенін іштегілер көріп отыр. Сыртқа шығып араша түсетін шығар деп ойладым. Бірақ әкімдік қызметкерлерінің біреуі де шыққан жоқ. Сол кезде полиция келді. Полицияны қателеспесем, әкімдік шақырған. Өйткені мен ешқайда хабарласқан жоқпын. Полиция шақырту бойынша келгенін айтты. Журналистен бомба алып кіретін террористей қорғанғандары, мені қатты таңғалдырды, – дейді Ақбөпе Тәңірберген.
Алатау ауданы әкімдігі Instagram желісіндегі ресми парақшасында журналистің не себепті күштеп шығарылғанын жазды. Бірақ тілшіге неліктен сұхбат бермегендерін түсіндірген жоқ. The Qazaq Times тілшісі аудан әкімі Азамат Қалдыбековтың жеке нөміріне, әкімдіктің ресми сайтында көрсетілген барлық байланыс нөмірге бірнеше мәрте хабарласты, бірақ тұтқаны ешкім көтерген жоқ. Баса айта кететін жайт, әкімдіктің ресми сайтында аудан әкімінің байланыс нөмірі көрсетілмеген. Сайттағы "Баспасөз орталығы" деген айдарда да ешқандай байланыс нөмірі жоқ. Ал "Байланыс ақпараты" деген айдарда жазылып тұрған нөмірлердің ешқайсымен де байланысу мүмкін емес. Өйткені ешкім жауап бермейді.
Мемлекеттік телеарна тілшісі Ақбөпе Тәңірбергеннің әкімдік ғимартынан күштеп шығарылғаны қоғамда қызу талқылынып жатыр. Мәселеге ақпарт және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да назар аударды. Ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында "журналистердің құқығын бұзуға, олардың жұмысна кедергі келтіріп, кұш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек" екенін жазды.
Жапы Қазақстанда журналистер жиі кедергіге ұшырайды. Әсіресе, тәуілсіз БАҚ-тың тілшілеріне қысым көп. Бірақ тәуелсіз журналистер кедергіге тап болғанда Ақпарат және қоғамдық даму минстрлігі ешқашан араша түскен емес. Тіпті, мемлекеттегі медиа саласына жауапты шенеуніктер тәуелсіз БАҚ-қа жасалған қысымдар мен әртүрлі арандату әрекетері жайлы пікір де білдірмейді.