Кеше, «Талибан» ұйымы өзінің алғашқы баспасөз жиынын өткерді. Жиында негізінен ұйым атынан Забихулла Мужахид сөйледі. Ол журналистер сұрақтарына жауап беріп, әйел құқығына құрметпен қарайтындарын жеткізген.
Шын мәнісінде сейсенбі күні өткен баспасөз жиналысы тарихи оқиға деп атауға болады. Себебі, «Талибан» ұйымының ресми өкілдері алғаш рет жүздерін ашыққа шығарып, журналистермен бетпе-бет отырып жауап берді. Бұған дейін ақпарат құралдары олардан тек телефон арқылы ғана жауап алып келген. Ал, ресми мәлімдемелер тек жазбаша түрде және әлеуметтік желілерді, өздерінің ақпарат арналарын пайдалана отырып жасалатын.
«Біз ешқандай ішкі және сыртқы дұшпандықты қаламаймыз», – деді тәліп өкілдері журналистер сұрағына жауап бергенде. Олар баспасөз жиналысына әйел журналистерді де қатыстырған. БАҚ өкілдеріне арналған жиында Ауғанстандағы кейбір журналистер 10 жыл бойы телефон арқылы жауап алып келген «Талибан» өкілін алғаш рет өз көзімен көрды. Айталық, BBC-дің сол елдегі журналисі Ялда Хаким өзінің таңданысын ашық жазыпты.
Баспасөз жинында белгілі болғандай тәліптер «ауқымды жаңа үкімет құру» дайындығында. Әйелдер құқығы «ислам қайдалары шеңберінде құрметтеледі» деген екұшты сөздері де бар. Сондай-ақ, барлық елдермен тек ынтымақтастық, достық қатынаста болатынын жеткізген. Айта кетейік, тәліптер осыған дейін жасырып келген лидерлерін де әлемге ашық көрсетіп, «көрімдік алатынын да айтқан».