Қазақстанда демалыс күні коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны сәл азайды, олардың шамамен 7,3 мыңға артып, жалпы есебі 762 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 15 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7217 адам, ал 14-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 98 адам тіркелді және сенбіде 123 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 119,5 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 114 мың, КВИ- бойынша 4,7 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мыңнан жоғары динамикада тұрған Алматы (1503) қаласы және Қарағанды (1003) облысы. Бұдан өзге астана (943), Шымкент (560), Атырауда (526) эпидахуал тіпті нашарлай түскен. Алматы (370), Ақтөбе (336), Павлодар (311), Қостанай (289), Ақмола (283), ШҚО (266), Жамбыл (177), Қызылорда (166), СҚО (163), Маңғыстау (143), Түркістан (103), Батыс Қазақстан (75) облыстарында дерт үдеп тұр. Осы жексенбіде аурудан айыққан 5421 адам үйіне шығарылған. Сенбіде жиыны 98 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Тамыздың 14-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 98 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сенбі күні сырқаттар Шымкент (23), Алматы облысы (21), Маңғыстау (10) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 31 адам айығып шыққан, тағы 25 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 119,5 мың науқастың 32 мыңы ауруханада, 87 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1937 науқастың жағдайы нашар, ондағы 507 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 228 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 694 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 65 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 762 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 14,3 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 7652, КВИ- / U07.2 – 4073, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 4,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6 млн-нан асады.