Соңғы жылдары Қытай өзінің ядролық арсеналдарын қарқынды дамытуды қолға алды. Бірқатар шетелдік сарапшылардың болжауынша Қытайдың ядролық күші 10 жылда АҚШ пен Ресейді қуып жетуі мүмкін. Бұл қару-жарақ пен жаһандық стратегиялық тепе-теңдік бойынша ойын ережелерін түбегейлі өзгертуі бек ықтимал. Қазіргі АҚШ-Қытай қайшылығы секілді бұл жағдай Ресей мен Қытай қарым-қатынасында өзгертуі мүмкін.

Жақыннан бері шетелдік ақпарат құралдарында Қытайдың Ішкі Моңғол, Гансу және Шыңжаң жерлерінде құрлықаралық баллистикалық зымыран құрылғыларын салып жатқаны көптеп айтылды. Осыдан кейін АҚШ, Ресей, Үндістан секілді аймақтық және жаһандық бәсекелестерінде Қытайдың ядролық арсеналдарының жалпы қуатын бағалау бойынша пікірталастар да қыза түсті.

Ондағы ең қисынды деген пікірлерді ортақтастыратын болсақ, Қытай қазір ядролық арсеналын жаңартуға қомақты инвестиция салуда және осы қарқынмен жүрсе 10 жылда қазіргі Ресей мен АҚШ-тың ядролық қару қуатына теңеседі.

Үрдістің бұлай дамуы бізге болашақта «Үшжақты қару жарысын» елестетеді.

Егер, қазіргі ядролық көшбасшы державалардың қатарына Қытай қосылып жатса, онда жаһандық ядролық келісімнің, ядролық қарусыздану немесе сол жөніндегі келіссөздердің бұған дейінгі тәжірибесі жарамсыз болып қалуы бек мүмкін. Үйткені бұған дейін бұл аса сезімтал мәселелер бойынша тек екі жақты – Мәскеу мен Уашингтон арасында ғана жүргізіліп келген болатын. Нәтижесінде, Уашингтон, Мәскеу және Бейжің ортасындағы «Үшбұрышты қатынас» күрделілене түспек.

Қытайдың стратегиялық бәскелестерін алаңдатып отырғаны – Қытайдың ядролық қару қолдану теориясына үлкен өзгерістер енгізуі. Бұл туралы өткен аптада Businessman Daily бірнеше эксперттің сөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлаған болатын.

Бұған дейін Қытайдың ядролық күштері оның соғыс күшіне қосыла қарастырылмаған. Әдеттегі бейбіт уақыттарда ядролық оқ тұмсықтары тек арнайы қоймаларда, оның өзінде екіге бөлінген күйде сақталып келді. Тек, қажетті немесе соғыс кезінде ғана біріктіру тәртібі орнатылған. Бірақ, Қытай қазір бұрынғы позициясын өзгертті.  Қазір оқ тұмсықтар мен жеткізу көліктері бірге сақталады. Қарап тұрса болмашы өзгеріс саналғанымен, бұнда ядролық қару туралы сөз болып жатқанын ескеру керек.

Ал, жоғарыда аталған басылым келтірген эксперттер сөзінше, Қытай бұл жағында Ресейдің тәжірибесі мен әдістерін қолданып жатыр. Яғни, қарсы тараптан ядролық соққы берілген сәтте бірден зымырандар ұшырылады.

Ресейлік басылымдар Қытай позициясының өзгеруін болашақ жаһандық қауіпсіздікке әсер ететін үлкен өзгеріс ретінде қарастырып отыр. Себебі, «Қырғи қабақ соғыс жылдарынан» бері қарай АҚШ-Кеңес одағы, АҚШ-Ресей арасында бернеше рет ядролық қаруды тежеу бойынша мәмілелер өткен. Нәтижесінде екі тарап ядролық арсеналдың тепе-теңдігінде өмір сүріп келді. Ал, 10 жылдан кейін бұл екеуінің қатарына ядролық тепе-теңдік, ядролық қаруды шектеу бойынша келіссөздерге тәжірибесі жоқ үшінші ойыншы қосылғалы тұр. Бұл сол кездегі жаһандық қауіпсіздікке қиыншылықтар алып келеді деп болжанып жатыр.

Анығында, державалар арасында күрделі қарым-қатынас арнасынан күнде аунайтын алып дарияға ұқсайды. АҚШ Ресейды барлық қырынан санкциялық, дипломатиялық қырына алғанымен, Қытайдың арта түскен қатерінің алдында белгілі деңгейде Мәскеуді өз қатарына қарай тартуға да бейім. Себебі, бұған дейін бәсекелес ретінде, тіпті қырғи-қабақ қатынастағы «жауы» ретінде де диалог орнатудың түрлі кезеңдерінен өткен. Әсіресе, ядролық қару және қару-жарақты бақылауға алу бойынша тіл табысып үйренген.

Бұған қоса, Қытайдың ядролық арсеналын арттыруы мен оған қатысты талқы, пікірталастардың қай кезде қыза түскеніне назар аудару керек? Қазір АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қаруды тежеу бойынша келісімнің уақыты өтіп кетіп, қос тарап өз мүддесі негізінде келісімге қайта келу жолдарын қарастырып жүрген кезең. Бұл кезеңде тараптар Қытайды да алыс аралықты баллистикалық зымырандарды шектеу және ядролық қаруларды тежеу бойынша жаңа келісімге қосып алғысы келеді. Әйтпегенде, Қытайдың қатерінен Ресей алаңдап отырса бұл Құрама Штаттар үшін құба-құп болмас па еді.

Халықаралық ақпарат ағынындағы тәжірибелерге негізделе отырып, Қытайдың ядролық қаруын дамыту бойынша ақпараттар мен талқылардың түбі Қытайды жаңа келісімге қарай иліктіру екенін болжай аламыз. Үрдістің дамуы алдағы уақытта Ресей мен Қытай қарым-қатынасына бірқатар жаңа өзгерістерді де ала келуі мүмкін.

“The Qazaq Times”