Израильдік Pegasus тыңшылық бағдарламасының көмегімен кибераңдуға ұшыраған болуы мүмкін делінген тізімде қазақстандық тағы үш адамның телефоны бар екені анықталды.
Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) сайтындағы ақпаратқа сәйкес, кибераңдуға төмендегі адамдар ұшыраған болуы мүмкін:
- Владимир Божко, мәжілістің бұрынғы депутаты, ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы төтенше жағдай министрі;
- Сауат Мыңбаев, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, бұрын президент әкімшілігін басқарған, вице-премьер, ауыл шаруашылығы министрі, энергетика министрі болған, қазір индустрия және сауда министрі.
- Әсет Есекешев, қазір Қауіпсіздік қызметінің хатшысы, бұрын президент әкімшілігін басқарған. Премьер-министрдің орынбасары, астана әкімі болған, индустрия және жаңа технология министрі қызметін атқарған.
OCCRP мәліметінше, аталған шенеуніктердің телефоны 2018 жылы тыңдалған болуы мүмкін.
Бұған дейін OCCRP Pegasus-пен тыңдалған болуы мүмкін бірқатар қазақстандықтың аты-жөнін атаған. Кибертыңшылыққа ұшырады делінген адамдар қатарында Мұхтар Әблязов, қазақстандық олигарх Болат Өтемұратов, Назарбаевтың ортаншы күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың жиені Әлібек Құлыбаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин де бар.