Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бейсенбіде ӨКҚ-да өткен брифингте «қалада эпидахуал нашарлап жатыр, індеттің кезекті толқыны тамыз айында шарықтау шегіне жетеді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда қалада аурушаңдық 1,4 есеге өскен.
– 23 шілдеден бастап қалада күніне анықталатын науқастар мыңнан аса бастады. Өткен тәулікте 1450 науқас тіркелді. Шілдеде барлығы 20 812 науқас анықталды. Болжам бойынша, коронавирус індетінің кезекті толқыны шарықтау шегіне тамызда жетеді. Ең жоғары көрсеткіш 10-12 тамызда тіркеледі. Осыған орай профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деді Бекшин.
Ол індеттің өршуін коронавирустың «дельта» штамының жылдам тарауымен байланыстырды. Бас санитар дәрігердің болжамынша, індет қыркүйек айында бәсеңдеуі мүмкін.
«Төртінші толқын тамыз айының ортасында қыркүйек айының басында төмендеуі мүмкін. Тамыз айында 34,5 мың, қыркүйекте 4,5 мың адам сырқаттануы ықтимал.7 күн ішінде «симптомды» науқастардың үлес салмағы 89,4-тен 90,7%-ға дейін артты», – деді ол аурушаңдық үдегенін ескертіп.
Бас санитар қазір коронавирустың «төртінші толқыны» жүріп жатқанын айтады. Алғашқы толқын былтыр «маусым-шілде қырғынында» шарықтау шегіне жеткен еді. Кейіннен қазан мен биыл қаңтар айларының аралығында індеттің екінші толқыны болып, бұл кезде ең жоғары көрсеткіш қаңтарда тіркелген. Ал коронавирустың үшінші толқыны британдық штамының таралуымен басталған. Бұл кезде сәуір айында аптасына шамамен 20 мың науқасқа дейін анықталды. Маусымда «дельтаға» байланысты індет қайта қайта күшейіп, төртінші толқынға ұласты.
Өткен 7 күнде вирус жұқтыру ықтималдығы сауда нысандарында – 35%, отбасылық байланыста – 19%, қоғамдық көлікте – 16%, базарларда – 14%, саябақ пен көшелерде – 3,6%-ды көрсеткен.
Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде инфекциялық стационарларда 4148 адам емделуде, оның 215-і бала. Реанимация бөлімшелерінде 281 сырқат төсек тартып жатыр. Ондағы 27 науқас ӨЖЖ аппаратымен, 121-і инвазивті емес, 98-і High flow құрылғысымен тыныстауда.
Жандарбек Бекшиннің хабарлауынша, ертең жұма күні тамыз айның алғашқы жартысына арналған қаулы жарияланып, қалада карантин күшеймек. 29 шілдедегі жағдай бойынша, Алматы тұрғындарының 35,2%-ы екпенің бірінші компонентін, 24,2% екінші компонентін алған. Эпидемиолгтың айтуынша, жалпы алматылықтардың ұжымдық иммунитеті 34%-ға жеткен.