АҚШ әскерлери күштері Ауғанстаннан шығарылып жатқан кезде, Қытай коммунистік билігі мен тәліптер арасындағы қарым-қатынас пен барыскеліс қыза түсті. Кеше, 28 шілде сәрсенбі күні «Талибанның» екінші саяси жетекшісі Абдул Ғани Барадар өзінің 9 адамдық делегациясын бастап Қытайдың Тянжин қаласында (Тяньцзинь) ҚХР СІМ басшысы Уаң Имен кездесті.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы жазбаша мәлімдемеде айтылуынша, министр Уаң АҚШ пен НАТО күштерінің ауған жерінен шығарылуы Құрама Штаттардың Ауғанстан саясатының сәтсіздігін көрсетеді деген бағасын айтқан. Ол және «Талибанды» Ауғанстандағы маңызды әскери және саяси күш ретінде атаған. Сондай-ақ, бейбітшілікті қалпына келтіріп, мемлекетті қайта құруда тәліптердің маңызды аса жоғары екенін атап өткен.

Қытай Сыртқы істер министрі кездесуде «Талибанды» бейбіт келісімдерге нұсан келтіретін кедергілерді жойып, қолайлы жағдай жасайды, тұрақтылықты қалыптастырады деп сенетінін, әрі «Шығыс Түркістан Ислам қозғалысы» және өзге де террорлық топтардан іргесін аулақ салады деп үміттенетінін жеткізген.  Бірқатар батыстық басылымдар Уаң Идің бұл талабын «Талибан» жетекшілеріне бағытталған қысым қатарлы бағалауда.

«Талибанның» екінші саяси жетекшісі, ұйымның Дохадағы кеңесінің басшысы  Муллах Абдул Ғани Барадар кездесудегі алғашқы сөзін «Талибан» жетекшісі ретінде Қытайға сапарлай бару мүмкіндігіне ие болғанына терең ризашылықпен бастапты. Ол сонымен бірге, Қытайды әр кезде Ауғанстанның сенімді досы болды деп бағалаған. Әрі, қандайда бір күштердің Қытайға қауіп төндіретін әрекеттерді жасауға ауған жерін пайдалануға жол бермейтіндерін айтқан.

Америкалық ақпарат құралдар кездесуде Қытай СІМ басшысының Барадармен және ол бастап барген делегация мүшелерімен топтық суретке түсіп, қатар отырып келіссөз өткізгеніне баса назар аударыпты. Америкалық БАҚ Қытай министрінің бұл әрекеті Ауғанстанда екі түрлі саяси күш ресми билікке таласып жатқан тұста тәліптердің делегациясына дипломатиялық миссия қатарлы басымдық беру деп бағалаған.

АҚШ бастаған шетел күштерінің Ауғнастаннан кетуі өңірді түрлі өзгерістерді алып келері сөзссіз. Тұрақсыздық қауіпінен алаңдағанымен, Бейжің бұл жағдайға қуанбай қалмайды. Себебі, АҚШ-тың басты стратегиялық қарсыласы ретінде Қытай өз территориясына жақын елде америкалық әскери күштердің тұруын қаламайды. Қытай бұл жағдайды алдын-ала болжағаны байқалады. Бұдан біраз жыл бұрын Бейжің «Талибан» жетекшілерімен диалог орнатуды бастап кеткен, әрі одан өзіне оңды нәтижелер де алған.

Егер, алдағы уақытта Ауғанстандағы жағдай күрт өзгеріп, тәліптер Кабуылдағы ресми билікті аударып тастайтын болса, тәліптермен тығыз қарым-қатынастағы Қытай үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Айталық, Қытай одақтасы саналатын Пәкістанмен ортақ қарсыласы Үндістанға қысым жасай алады. Бұдан тыс тәліптер арқылы Орталық Азияға да ықпалын асыра түсуі ғажап емес.

Жағдайды бағамдайтын болсақ, Бейжіңнің тәліптерді қолында «ойнатуға» көп мүмкіндігі бар. Соның бірі – Пәкістан факторы. Пәкістан – Қытайдың ұзақ мерзімдік одақтасы және Ауғанстан мәселесін шешуде барлық елдер үшін шешуші фактор. «Талибанның» маңызды жетекшілері дерліктей Пәкістанда тұрады, тіпті ұйымның пайда болуына да Пәкістанның қатысы бар. Пәкістан өзінің ықпалын пайдалана отырып, келіссөздер үшін «Талибанға» қысым жасай алады. Оның үстіне Барадардың Қытай сапарының алдында Пәкістанның сыртқы істер министрі мен барлау қызметінің жетекшісі Қытайға барған болатын. Бұл дағы «Талибан»-ға екі жақты қысымның ықтимал мүмкіндігін арттыра түседі.

Қазір Ауғанстандағы үкімет күштері мен «Талибан» ұйымының қуатын салыстырып көрсету мүмкін болмай отыр. Себебі, бұл туралы нақты мәлімет тым аз. Бірақ, АҚШ әскерлері елден кетуді бастаған уақытта тәліптердің елді толық бақылауға алу үшін шабуылдарын үдетіп жатқанын көріп отырмыз. Егер Ауғанстанның ресми билігі құлайтын болса, Қазақстанды өз ішіне алған Орталық Азияға жасайтын түрлі ықпалдарын болжау қиынға соғады. Бұл арада діни-экстремизм мен терризм қауіпі де бар. Сондықтан Ауғанстандағы қандай да бір қалт еткен өзгерістерді жіті қадағалау біз үшін аса маңызды.

“The Qazaq Times”