АҚШ ұзақ уақыттан бері Орта Шығыста Иран қуатының күшеюінен алаңдап келді. Теһранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігі Уашингтонның ұйқысын қашырғалы да көп болды. Қазіргі АҚШ үкіметінің басты міндетінің бірі Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу және ядролық келісімге келу. Бірақ, АҚШ Иранның жаңа үкіметі келіссөздерді қайта бастаудан бас тартуы немесе келіссөз болған күннің өзінде де қатаң позицияға жатып алуы мүмкін деп алаңдаулы.
Теһранды келіссөз үстеліне қайта алып келу үшін Құрама Штаттар Иран мұнай экспортына қатысты санкцияларды қарастыруда. Әрине, Иран шикі мұнайын ең көп сатып алатын ел ретінде бұл санкция ең бірінші Қытайға бағытталуы мүмкін.
Санкция туралы алғашқы мәліметті Reuters агенттігіне аты-жөнін білдіргісі келмеген АҚШ шенеунігі бөліскен. Оның берген мәліметіне қарағанда, АҚШ Иран мәселесі бойынша позциясын, яғни 2015 жылғы ядролық келісімді толықтай қалпына келтіруді қалайтынын, егер Иран келіссөз үстеліне қайтатып болса, онда Құрама Штаттар Иранға бағытталған санкцияларды бұза отырып, сол елден шикі мұнай сатып алған Қытайлық компанияларды жазаламайтынын ресми түрде мәлімдеген.
Бірақ, Құрама Штаттардың бұл ұстанымы қазіргі кездегі белгісіздіктерге байланысты өзгеруі мүмкін делінген. Біріншісі – Иран Венаға тек жанама келіссөздер үшін оралуы мүмкін, екіншісі – Иранның жаңа сайланған президенті Ебрахим Райси келіссөзді бұрынғы үкіметпен 20 маусымда үзілген жерінен жалғай ма, әлде жаңа бастаманы талап ете ме?
Иранның жаңа президенті өз қызметіне кірісуге дейін келіссөзді жалғастыру туралы «ләм» деп ауыз ашқан жоқ. Бұл Иранның келіссөзден бас тартуы мүмкін деген күдікті күшейте түсті.
Дегенмен, Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Уашингтон қазір Иранға қарсы санкцияны ең қатаң күйде жүзеге асыруға ден қойып отыр. Ол үшін ең маңызды түйін Қытай. Себебі Иран шикі мұнайының ең үлкен аларманы қытайлық мұнай өңдеуші зауыттары. АҚШ есебінше Қытай қазір күніне 400-650 мың баррель аралығында Иран мұнайын тасымалдап жатыр. Мамыр кезінде Қытайдың Иран мұнайын сатып алуы ең жоғары деңгейге жетіп, күніне 1 млн баррельге дейін импорттаған.