Иранда үкіметке қарсы наразылық тебіні барған сайын артып келеді. Наразылық акциясы электр жарығының үзілуі, құрғақшылық пен су тапшылығына деген наразылықтан басталғанымен соңғы үкіметке, Иранның қазіргі жүйесіне деген наразылыққа ұласты.
Иранның солтүстік-батыс аймақтары құрғақшылыққа ұшырап, су тапшылығы өңір тұрғындарының наразылығын күшейтті. Наразылық біртіндеп елдің басқа қалаларына қарай жайылды. Орталық қала Теһрандағы (Тегерандағы) наразы топ «молдалар биліктен кетсін», «диктаторға өлім» деп ұрандатып, елдегі әлеуметтік жағдайларға қарамастан сыртқы мәселелерге басымдық беріп жатқан билікті ауыр сынға алған.
Соңғы жылдары Ирандағы үкіметке қарсы наразылық шараларында елдің жоғары билеушісі Аятолла Али Хаменейге деген наразылық ашық көріне бастады. Тіпті «Хаменейге өлім» деген сөз үкіметке қарсы наразылықтың символдық сөзіне айналды.
Осыдан тура бір апта бұрын Хузестан провинциясының Изе қаласындағы наразылықта демонстранттар бұрынғы Иран билеушісі шах Резаны еске алып, қазіргі рухани көсемдеріне қарата «Хаменеиге өлім келсін» деген ұрандар да айтқан болатын. Осы наразылық кезінде әлеуметтік желілерге тараған видеолардан мылтық дауысы да естіледі.
Иранның ресми мәліметіне қарағанда наразылық кезінде бір полиция және бір демонстранттың қаза тапқанын мәлімдеген. Бірақ, кейбір шетелдік басылымдар қаза болғандар саны ресми мәліметтегіден көп болуы мүмкін деп санайды.