Бір аптадан бері тәулігіне 5 мыңнан аса кейстен анықталып жатқан Қазақстанда коронавирус пен осы тектес пневмонияға шалдыққандар саны тағы 5406 адамға артты. Төртінші толқын үдеген шілде айының алғашқы екі декадасында 80 411 сырқат тіркеліп үлгерді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 20 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 5179 адам, ал 19-ы коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 227 адам тіркелді. Қазір елде 64 мың адам (КВИ+ бойынша 62 651, КВИ- бойынша 1716) ауырып жатыр.
#COVID Мерекелік демалыс күніне қарамастан, ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1277), Алматы қаласы (710) және Қарағанды облысында (703) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (412), Атырау (348), БҚО (272), Павлодар (185), Ақмола (177), Алматы (160), Маңғыстау (146), Ақтөбе (142), Қостанай (141), Қызылорда (108), Жамбыл (105), Түркістан (103) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 2529 адам айығып үйіне шығарылған. Дүйсенбіде жиыны 54 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 19 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 227 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар Атырау облысы (35), астана (31), Маңғыстау (27), Алматы облысы (19), Жамбыл (18), Шымкент (15) қаласында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 75 адам айығып шыққан, тағы 8 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 64 мыңнан аса науқастың 20 мыңы ауруханада, 44 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1157 науқастың жағдайы нашар, ондағы 263 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 160 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Вирустың таралу қатері жағынан республиканың барлық өңірі сарғайып-қызара түсті. «Қызыл аймаққа» енген өңірлер: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар, Жамбыл облыстары. Ал өзге ШҚО және Түркістан өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 504 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 58 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 563 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 11 045 адам (КВИ+ / U07.1 – 5116, КВИ- / U07.2 – 3562, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 43-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 907 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.