Жаз ортасында сырқаттар саны күрт өскен Қазақстанда коронавирустың төртінші толқыны күн сайын рекордық мәнде үдеп тұр. Кейінгі аптада (бес күн қатарынан) тәулігіне 5 мыңнан аса адамнан вирус анықталды. Демалыс күні коронавирус пен осы тектес пневмонияға шалдыққандар саны тағы 5343 адамға көбейді. Сенбі күні 48 адам көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 18 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 5317 адам, ал 17-сі коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 26 адам тіркелді. Қазір елде 59 мыңға жуық адам (КВИ+ бойынша 57 269, КВИ- бойынша 1618) ауырып жатыр.
#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1367), Алматы қаласы (798) және Қарағанды облысында (689) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (470), Атырау (293), БҚО (204), Маңғыстау (203), Ақмола (178), Түркістан (176), Павлодар (170), Ақтөбе (159) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 1896 адам айығып үйіне шығарылған. Өткен сенбіде жиыны 41 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 17 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 26 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар астана (24), Шымкент (19), Жамбыл (18), Алматы және Атырау, Ақмола (әрқайсында он бірден) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 70 адам айығып шыққан, тағы 7 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 59 мыңға тарта науқастың 19 мыңнан астамы ауруханада, 40 мыңдайы амбулаторлық бақылауда. 1047 науқастың жағдайы нашар, ондағы 230 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 144 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Вирустың таралу қатері жағынан республиканың барлық өңірі сарғайып-қызара түсті. «Қызыл аймаққа» енген өңірлер: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар облыстары. Ал өзге ШҚО, Жамбыл, Түркістан өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 494 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 58 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 552 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 10 905 адам (КВИ+ / U07.1 – 4997, КВИ- / U07.2 – 3541, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 798 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.