Өзбекстанда коронавирусқа қарсы арнайы республикалық комиссия бірқатар санаттағы азаматтарға вакцина алуды міндеттеу жөнінде шешім шығарды.

28 маусымда Өзбекстанда карантин шаралары күшейтілген болатын.«Дельта» штамын жұқтырғандар санының артуына байланысты елде жалпыхалықтық вакцинация қарқынды жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы» туралы заңға сәйкес, Өзбекстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері қоғам үшін қауіпті инфекциялық жәнпе паразитарлық аурулар пайда болып, елде тараған жағдайда санитарлық және эпидемияға қарсы тиісті шараларды жүргізу жөнінде шешім қабылдауға құқылы.

Хабарламада: «Аталған заңның 30-бабында эпидемияға қарсы санитарлық-гигиеналық шаралар өткізу және аурудың алдын алатын екпе салу секілді іс-қимыл кешені қарастырылған. Осыны ескере келе Өзбекстанның бас санитар дәрігері, санитарлық-эпидемиологиялық игілік және қоғам денсаулығы қызметінің бастығы Баходир Юсупалиев коронавирусқа қарсы вакцина салдыруды міндеттеу жөнінде шешім қабылдады» – делінген.

Қабылданған шешімге сәйкес, 18 жастан асқан белгілі бір санатқа жататын азаматтар үш дозалы екпені салдыруға міндетті. Яғни азаматтар 1 қыркүйекке дейін – вакцинаның бірінші компонентін, 1 қазанға дейін – екінші, ал 1 қарашаға дейін – үшінші компонентін ектіруге тиіс.

Екпе салдыруға міндетті азаматтар тізімі:

– халықпен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейтін қызмет көрсетуші мекеме қызметкерлері (пошта, банк, лизинг компаниялары, нотариус, сақтандыру компаниялары, сұлулық салондары, шаштараз және басқалар);

– сауда нысандарының жұмысшылары (азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, киім дүкендері, дәріхана және басқа);

– спорт мектептері мен спорт құрылымдарының қызметкерлері - мәдени ойын-сауық мекемелері мен демалыс базасының жұмысшылары;

– қонақ үй, хостел, жатақхана және кемпинг қызметкерлері;

– жолаушы тасымалымен айналысатын мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері;

– білім беретін мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері;

– әскери қызметкерлер - кафе, мейрамхана, шайхана, тойхана секілді қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысшылары;

– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері;

– байланыс және телекоммуникация саласының қызметкерлері;

– мемлекеттік билік және басқару органдары қызметкерлері;

– құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

"The Qazaq Times"