Қырғызстан Құмтөр кенішіндегі жемқорлық ісі бойынша елдің экс-президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке іздеу жариялады. Аталған іс бойынша бұрынғы премьер, депутаттар президент Жапаровтың бұйрығымен тергеліп жатыр.
Қазір елде бас прокуратура және ішкі істер министрлігі тергеушілерінен құралған ведомствоаралық тергеу тобы «Құмтөр» кен орнын игерудің түрлі кезеңдеріндегі жемқорлық фактілері бойынша істі қарап жатыр.
31 мамырда Қырғызстан парламенті – Жогорку кеңеш депутаттары Асылбек Жээнбеков пен Торобай Зулпукаров екі айға қамалды. Сол күні елдің бұрынғы премьер-министрі Өмірбек Бабанов, бұрынғы депутаттар Ысқақ Пирматов пен Талантбек Ұзақбаев 48 сағатқа ұсталды. Бұған қоса, елдің бұрынғы премьер-министрлері Игорь Чудинов пен Темір Сариевтен де жауап алынған.
Жоғары лауазымды тұлғалардың кейбіріне «жемқорлық» бабы бойынша айып тағылса, кейбірі әлі куәгер ретінде қарастырылып отыр.
Мәліметтер бойынша Асқар Ақаев президент болып тұрған тұста канадалық компаниямен келісім-шарт жасасқанда заң бұзылған. Ресми Бішкек Ақаевқа жемқорлық күдігімен іздеу жариялады. Дәл осындай күдікке ілінген экс-президент Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максим Бакиевке де іздеу жарияланды.
Қырғызстанның қазіргі билігі Құмтөр бойынша 1992, 2003, 2009 және 2017 жылдары жасалған келісімдер елдің ұлттық мүддесіне сәйкес келмеген деп санайды. 17 мамырда ел парламенті «Құмтөр» компаниясының жұмысын тексерген мемлекеттік комиссияның есебін тыңдады. Комиссия түрлі талапты бұзғаны үшін компаниядан 460 млрд сом (5,5 млрд доллар) өндіруді талап етті. Жогорку кеңеш «Құмтөрде» сыртқы басқарушы енгізуді ұсынып, мұны президент Жапаров қолдады.