Кеше, 6 шілдеде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының маңындағы наразылық шарасы кезінде ұсталған "Демпартия" белсенділері Ырысбек Тоқтасын мен Дәурен Достияров 10 күнге қамады. Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оларға "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша (Әкімшілік кодекстің 434-бап, 1-тармағы) үкім шығарған.
Сот қаулыларында екі жауапкер 6 шілдеде сағат 16.00 шамасында Абай даңғылы мен Байтурсынов көшесінің қиылысындағы митингіде "былапыт сөйлеп, айналасындағыларға сыйламаушылық білдірді" деп жазылған. Осылайша бұл азаматтар "қоғамдық тәртіпті және тұлғалардың тыныштығын бұзды" деп көрсетілген қаулыда. Ырысбек Тоқтасын тағылған айыпты мойындамаған. Ал Достияров жартылай мойындаған.
Достияров және Тоқтасынмен бірге ұсталған Уәлихан Сүйлейменов есімді белсенді де қамалған.
"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбайдың сөзіне қарағанда, Бостандық аудандық полиция басқармасы үш адамның 10 тәулікке қамалғанын айтқанмен "олардың қазір нақты қай изоляторда отырғанын біле алмай отырмыз" дейді. 6 шілдеде түнде белсенділер Бостандық аудандық полиция басқармасы өкілдерінің сөзіне сүйеніп, Қаскелеңдегі уақытша қамау изоляторына барған кезде ондағылар белсенділердің жоқ екенін айтқан. Лобачевскийдегі уақытша қамау изоляторы да белсенділердің оларда емес екенін айтқан.
6 шілдеде елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні атап өтіліп жатқан шақта "Демпартияның" ондаған өкілі Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында митинг жасамақ болған. Бірақ полиция оларды кеттлинге алып, шеру жасап жүруіне мүмкіндік бермеді. Полициямен текетірес кезінде бірнеше адам жарақат алған. Полиция "Демпартия" белсенділерін 10 сағатқа жуық қоршауда ұстап тұрған.