Қазақстанда коронавирусқа қарсы тағы бір екпе - QazCoVac-P вакцинасының клиникалық сынағы басталды. Бұл ақпаратты білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, сынақтың бірінші және екінші кезеңі Тараздағы көпсалалы қалалық ауруханада өтіп, оған 18-50 жастағы еріктілер қатысады.
Институт сынақ кезеңіне қанша адам қатысатынын жарияламаған, бірақ бұл екпе клиникалық сынаққа дейін жануарларға жасалған тексеріс кезінде "жақсы нәтиже көрсеткенін" мәлімдеді. Екпені сынақтан өткізуге денсаулық сақтау министрлігі рұқсат бергені де хабарланды.
Институттың дерегінше, QazCoVac-P – SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде жасалған суббірлікті вакцина.
"Қауіпсіз екпе алу үшін ақуыздар толық тазарту кезеңінен және тексерістен өтті. Екпенің құрамында вирустың өзі жоқ. Суббірлікті вакцина инактивтелген екпелер сияқты құрамында тірі патоген компоненттері жоқ әрі өте қауіпсіз" дейді мекеме.
Қазақстан 26 сәуірде, сынақтың толық үш кезеңі аяқталмай жатып, QazVac (тағы бір атауы - Qaz-Covid-in) екпесін халыққа жаппай еге бастаған. Бұл екпені де Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты дайындаған. Денсаулық сақтау министрлігі QazVac сынақтың екі кезеңінен кейін 96 пайыз деген еді. Бірақ бұл екпенің сынақ кезеңі жайлы ғылыми журналдарда әлі мақала жарияланған жоқ.