Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили негізін қалаған оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы Парламентте жұмысын бастады. Бұған дейін партия билікке жеті ай бойына бойкот жариялаған. Бұл туралы партия төрағасы Ника Мелия мәлімдеді.
Аталған партия 2020 жылдың күзінде өткен парламенттік сайлаудың қорытындысы бойынша 36 мандат алған. Былтыр қарашадан бастап партия мүшелері басқа оппозициялық партиялармен бірге дауыс беру нәтижелерін мойындаудан бас тартты және заң шығарушы органның жұмысына бойкот жариялады.
23 ақпанда партия төрағасы Мелия 2019 жылғы маусымдағы митингтегі тәртіпсіздік бойынша 40 мың лари (12 мың доллардан астам) кепіл төлемегені үшін қамауға алынды. Партия басшысының тұтқындалуы саяси дағдарысты одан әрі ушықтырды.
10 мамырда Еуропалық қордың араласуынан кейін ол босталды. Кейіннен Мелия ел аймақтарындағы партия мүшелерімен кездесулер өткізді. Киевте Саакашвилимен кездесіп, бойкотты тоқтату туралы шешім қабылдады.
18 сәуірде Еуропалық Кеңестің басшысы Чарльз Мишель Грузияның саяси күштеріне тығырықтан шығу жөнінде келісім құжат ұсынды. Бірақ «Біртұтас ұлттық қозғалыс», «Еңбек партиясы» және «Еуропалық Грузия – бостандық қозғалысы» партиялары құжатқа қол қоюдан бас тартты.
Еуропалық Кеңес ұсынған құжат бойынша егер билеуші партия алдағы күзде жергілікті билік органдарына сайлауда 43%-дан аз дауыс жинаса, онда 2022 жылы мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтеді. Сонымен қатар 2019 жылы маусымда митингтегі тәртіпсіздік туралы іс бойынша барлық адамдарға рақымшылық жасалмақ.