Израильдің Газа секторына бағыттаған шабуылдары әлі де толас тапқан жоқ. 2 миллионнан астам халық тұратын Газада өлім-жітім күн сайын көбеюде.

Қазірге дейін Израилдің әуе және құрлық арқылы жасаған соққыларынан жиыны 220 адам көз жұмды. Қатарында 36 әйел мен 63 бала қаза тапты.

Екінші апта жалғасып жатқан шабуылдардан жалпы саны 1500-ден астам адам жарақат алып, 52 мың палестиналық баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.

Газаны бақылауына ұстап тұрған «Хамас» ұйымы да жауап соққыларын тоқтатпаған. Израильге бағыттап зымырандарын лақтыруды әлі де жалғастырып жатыр. Израиль тараптан 12 адамның қаза тапқаны мәлім болды.

Палестина СІМ жетекшісі БҰҰ-дан Израиль шабуылына тап болған палестиналық балаларды қорғауға шақырды. Оның айтуынша елде бейбіт тұрғындар мен балалар көбірек зардап шегіп жатыр.

“The Qazaq Times”