Бүгін отыз күн ораза ұстаған барша мұсылманның Ораза Айт мерекесі. Ислам күнтізбесі бойынша Шәууәл айының алғашқы күніне тура келетін бұл мереке бір ай ораза ұстаған жамағаттың игілік пен бақыт,рахымға жеткенінің бейнесі іспетті аталып өтіледі. Сондай-ақ, бұл мұсылмандар үшін ораза ұстауға тыйым салынған күн.
Бейсенбі, 13 мамыр таңертең Қазақстан мешіттерінде Ораза айт намазы оқылды. Екінші жылға жалғасқан коронавирус пандемиясының карантиндік шектеуі себепті намаз мешіттер ауласында оқылды. Былтыр мүлде тыйым салынған еді. Апта басында Қазақстанның Мұсылмандар діни басқармасы осындай шешім қабылдаған. Шарт бойынша ұжымдық ғибадатқа жиналған жұрт медициналық бетперде тағып келуге міндеттелген.
Ораза айт намазы Алматы қаласында таңғы 6.10-да, ал астанада 7.00-де оқылды. Мұсылман әлемі қасиет тұтатын биылғы Рамазан айы елде 13 сәуірде басталған.
Мерекеге орай еліміздегі және әлемдегі барша мұсылман жұртшылығын ораза айт күнімен құттықтаймыз! Ұстаған оразаларыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Жер бетінде бейбітшілік салтанат құрып, бар адамзат зәузаты ынтымақта ғұмыр кешсін! Саналы адам баласы табиғатты аялап, Жер ананың аялы алақанында үйлесіммен үндестікте өмір сүрелік! Әділдік жасасын, ақиқат қанат жайсын!