Қазақстанның Конституциялық кеңесінің мәліметінше, президент Тоқаев ведомстводан«Адвокат қызметі туралы» заңға енуі ықтимал өзгерістердің Атазаңға сәйкестігін тексеруді сұрады.

Ведомство осы іс бойынша конституциялық кеңес отырысына материалдар дайындау жұмыстары басталғанын хабарлап, адвокаттардан 20 мамырға дейін жобаға қатысты кәсіби пікір-ұстанымдарын жеткізуді сұрады.

Бұл жөнінде 11 мамыр алғаш адвокат Айман Омарова Facebook желісіндегі жеке парағында бөліскен.

Көктем туғалы бері елдегі бірқатар заңгерлер мен адвокаттар «Адвокат қызметі және заңгерлік көмек» (Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады) туралы заңға енгізілетін түзетулерді алып тастауды талап еткен еді. Олар «заңгерлер, адвокаттардың ісін реттеуге» бағытталған түзетулер шын мәнінде заңгерлерді мемлекетке бағындыруды көздейді. Тәуелсіз сала мемлекетке бағынса, елде тәуелсіз заңгерлер қалмайды деп алаңдаған. Олар соған байланысты митинг де өткізбек болған. Әділет министрлігі талапкер тарапының уәжін терістеген.

Құқық қорғаушылар қырын қараған заң жобасы сәуір айында парламентте талқылаудан өтіп, президентке қол қоюға жіберілген.

Кейінгі жиырма жыл бойы жүйеде бас алмай жоғарғы сот төрағасы, бас прокурор, сенат спикері лауазымдарында болған Қайрат Мәми төрағалық ететін кеңеске экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев және алты адам мүше. Олардың қатарында Асхат Дауылбаев, Иоган Меркель, Виктор Малиновский, Рахмет Мұқашев, Әлібек Темірбеков, Шапак Унзила бар.

"The Qazaq Times"