Көктем туғалы Қазақстанда 101 мыңнан аса сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне ай тақады. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш. Салдарынан Қазақстан әлемде ең көп адам ауырған елдер қатарында бір сатыға көтеріліп, 47-орынға орналасты.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 26 сәуір коронавирус жұққан 2284 адам, ал 25-і күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 12 адам тіркелді. Қазір елде 42 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 41 861, U07.2 немесе КВИ- бойынша 399) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (689) мен астанада (294) тіркелді. Бұдан өзге  Алматы облысы (264), Қарағанды (250), Ақмола (146) және Павлодар (87) өңірлерінде дерт дендеп тұр. Өткен тәулікте аурудан айыққан 2494 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге жексенбіде жиыны 29 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 25 сәуір ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 12 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Түркістан (4), ШҚО (2), Алматы облысы мен қаласы (әрқайсы екі-екіден), Атырау облысы мен Алматы қаласында (әрқайсында он-оннан) көптеп тіркелген. Сонымен қоса, 55 адам айығып шыққан, тағы 7 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 42 260 науқастың 15 мыңдайы ауруханада, 27 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 756 науқастың жағдайы қиын, ондағы 179 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 110 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан СҚО мен Түркістан облысы «жасыл аймақта». Алматы, ШҚО, Жамбыл, Қостанай облыстары, Шымкент «сары», ал Атырау, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда,  Қарағанды облыстары, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.

Үкімет мүшелерінің мәліметінше, геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айында табылған кейстер саны – 66 мың сырқат және 615 өлім жағдайы. Бұл тұтас наурыз айынан 32 мыңға артық. Жалпы көктемнің екі айында 101 мың (КВИ+ 98 мың, КВИ- 3 мың) науқас анықталды, 981 адам (КВИ+ 827, КВИ- 154) өмірден қайтты.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 311 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 52 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 364 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3599, КВИ- / U07.2 – 782, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 950 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» және отандық QazVac вакцинасының алғашқы дозасын алған.

"The Qazaq Times"