Батыс ақпарат құралдары Қырымдағы және Украин-Ресей шекарасындағы қылт еткен өзгерісті қалт еткізбей қарап отыр. Кеше ғана BBC, AIPS және Agence France-Presse ақпарат агенттіктері Қырым мен Қара теңіздегі ресейлік әскер мен әскери техникалардың тағы да көбейіп жатқанын жазды. Хабарларда түбек шығысында жаңа әскери лагер пайда болғаны да айтылды. Бұл ЕО, АҚШ және НАТО-ның мазасын тіпті де қашыра түсті.

Хабарға қарағанда, Ресей Қара теңізге бұл аймақтағы әскери күштеріне тән емес кемелерді де кіргізген. Мәскеу болған жағдайды қалыпты әскери жаттығу дегеннен танбай отыр. Қазір Қырым мен Қара теңіздің кейбір кеңістіктері ұшуға уақытша тыйым салынған аймаққа айналды.

Ресей аннекциялап алған Қырымдағы қазіргі әскери жаттығуларды Батыс сарапшылары Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі ең ауқымды әскери жаттығу деп бағалап отыр. Дегенмен, көпшілік сарапшылар Ресейдің бұл әскери әрекеті Украинаға қарсы қолданылмайды деп санайды. Бар болғаны Киевтің билігін иліктіріп, енді бір жағынан НАТО-ның Украина үшін қаншалықты қолдау көрсете алатынын көрсеткісі келеді деген болжамдар айтылады.

Әрине, Мәскеу билігі де қазір ашық соғысқа кіруге дәрменсіз. Елдің экономикалық жағдай, өндіріс қуаты секілді соғыс тағдырын шешетін маңызды факторларда Ресейдің буыны бос тұрғанын көп жұрт біледі. Оның үстіне АҚШ-тың жаңа санкция дауылы алдағы уақытта мемлекет бюджетін ортайтып, қарулы күштердің шығынын өтеудің өзі қиынға түсері күтіліп отыр. Дегенмен, аймақтағы және оған жақын елдерді соғыстың күтпеген оқиғалардан тұтанып кету мүмкіндігі алаңдатады. Бұндай қырауар әскер мен әскери техника топталған аймақты қызуы аз ғана жетпей тұрған жарылғыш зат десе болатындай. Сәл ғана шашыраған ұшқын жойқын қуатты жарылғышты оталдырып жіберуі де мүмкін. Ондай жағдайда тараптар өзінің әлсіздігін көрсетпес үшін ашық соғысқа өтуден басқа шарасы қалмай қалады.

Дегенмен, бір осы мәселе бойынша Батыстың да ұстаным-пікірлері бөліне түскендей. НАТО-ның Еуропадағы мүшелері шыр-пыр болып қауіп дабылын қақса, Британ мен АҚШ салқынқандылық танытқандай болды. Тіпті, Ресейдің әскери белсенділігіне қарамастан жаңа санкциялар пакетін де ашып салды. Осының бәрі Ресейдің Украина маңындағы әскери белсенділігі «басып алудан» көрі саяси ойындардың жүрісіне көбірек ұқсағанын көрсетті.

“The Qazaq Times”