Бүгін Ресейде Алексей Навальный жақтастарының митингі белгіленген. Митинг ел президенті Владимир Путиннің халыққа жолдауымен қатар келді. Бірақ полиция әр қаладағы шеруге шыққан белсенділер мен журналистерді сәт сайын ұстап әкетіп жатыр.
«Наразылық апологиясы» сайтының мәліметінше, митинг белгіленген алаңдарды полиция қоршауға алған. Мәскеуде Алексей Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш, оппозиционер Любовь Соболь, саясаткер Владимир Рыжковты ұстап әкеткен. Екі белсенді де сот қаңтарда өткен Навальныйды қолдау акциясында «эпидемиологиядық ережелерді бұзды» деп айыптаған. SOTA басылымының тілшісі Сергей Куокуге митингіге қатыспау жайлы ескерту жасаған.
Краснодарда сот Навальный командасының белсендісі Алипат Султанбегованы наразылық акциясы туралы TikTok-та жарияланған видеосы үшін 10 күнге қамауға алған. Полиция хаттамасында «халықты наразылық акциясына қатысуға шақырып, бейнеролигінде митинг туралы заңды бұзды» делінген.
Ал Волгоградтың Орталық соты Навальныйдың жергілікті штабының үйлестірушісі Евгений Кочегинді 25 күнге қамауға алғаны белгілі болды. Оған да «әлеуметтік желіде митингке үндеді» деген айып тағылған.
Санкт-Петербургте бірнеше белсендінің үйіне тінту жүргізілген. Олардың процессуалдық статусы әзірге белгісіз.
Кремль сыншысы Алексей Навальный 31 наурыздан бері аштық жариялап, денсаулығы нашарлаған. Осы аптада Покровадағы түрмеден сотталғандарға арналған облыстық ауруханаға ауыстырылды. Бұған дейін Навальныйды емдеген дәрігерлер оның қан анализінің қорытындысын жариялап, дәрігер Анастасия Васильева науқастың жүрегі тоқтап қалуы мүмкін деп ескерткен.
Наурыздың соңында мыңнан астам дәрігер билікке ашық хат жазып, саясаткерге тәуелсіз дәрігерді кіргізуге шақырған. Ал бүгін дәрігерлер Навальныйдың халін білу үшін арнайы барған. Бірақ түрме әкімшілігі олардың кіруіне рұқсат етпеген. Мамандар оппозиционердің жағдайы ауыр дейді. Енді осыған байланысты халықаралық орган Ресей үкіметіне оппозиционердің түрмеде құқықтарының сақталуы және оған көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапасына қатысты сұрақтар жолдаған. Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі соты жолданған сауалға Ресей билігі 12 шілдеге дейін жауап беруі тиіс.
20 тамыз Томск қаласынан Мәскеуге бет алған оппозиционер саясаткер Алексей Навальный бортта жағдайы нашарлап, ұшақ дереу Омбы қаласына қонуға тура келген. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген. Кейін Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберген. Басында Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін омбылық дәрілерлер Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілген. Осы оқиғадан кейін кешкісін Навальныйды қолдау мақсатында Мәскеу, Петербург, Новосибирск, Төменгі Новгород қалаларында ондаған адам наразылық өткізген. БАҚ өкілдері таратқан ақпарат бойынша, олардың көбін полиция ұстап әкеткен.