«Оттың тұтанып кетуіне бір тал сіріңке де жетеді». Батыс елдерінің сарапшылары Ресей-ЕО арасындағы қазіргі қайшылықты осылай бағалап отыр. Осы аптаның басында Еуропа Одағына мүше елдердің СІМ жетекшілері жолығып, Ресейдің әскери әрекеттерін талқылады. Жиын қорытындысы бойынша, одақ үшін қазіргі ең қауіпті мәселе Ресейдің әскери әрекеттері деп тапты. Осылайша, Еуропа Одағы мен Ресей арасындағы шиеленіс күн өткен сайын тереңдей түсті.
ЕО сыртқы саясат бойынша жөніндегі өкілі Жозеф Боррелл баспасөзге берген мәліметінде Ресейдің Украина шекарасы мен Қырымдағы әскерлерінің саны 100 мыңнан асқанын айтқан. Бірақ, Батыстың кейбір ақпарат құралдары Борреллдің бұл мәлімдемесіне күмәнмен қарайды.
Бұған дейін Қырым мен Украина шекарасында ресейлік 80 мың шамасындағы әскер бары айтылып келген. Екі күн бұрын Украинаның шығыс шекарасына барған BBC тілшілері де аймақта кісі қорқарлық қақтығыстың ауаны байқалмайтынын айтқан. Олардың хабарына қарағанда, бес-алты жылдан бері ресейшіл сепаратистермен қақтығыс ауық-ауық болып тұрған аймақ сол күйінде, тек Ресей жақ шекарада әскери техникалардың көбейгені анық байқалады.
Ресейдің әскери белсенділігіне қарсы украин әскерилері де өз даярлығын жасауда. Ресейдің шынында шекарадан басып кіретін-кірмейтіні анық емес, дегенмен украин әскерлері табанды қарсылыққа дайын екенін байқатуда.
Тәуелсіз сарапшылар да Ресейдің соғыс бастауға ниетінің жоқ екенін айтады. Бар болғаны Ресей өзіне бағытталған қысымдар тұсында әскери айбар көрсетіп, ұпайын асырғысы келеді деп санайды. Бұған қоса Украина үшін НАТО-ның қаншалықты қорғаушы бола алатынын көрсеткісі келетінін аңғаруға болады.