Қырғызстан билігі "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен екі адамды қамауға алды, олардың біреуі – Қырғыз Республикасындағы қазақ диаспорасының экс-басшысы Марат Токтоучиков. Бұл ақпаратты 15 cәуірде Первый май аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған қырғызстандық Kabar.kg сайты хабарлады.
Сайт мәліметінше, қамауға алынған екінші адам – саясаттанушы Марат Қазақпаев. Ол 14 cәуір күні Первый май аудандық сотының қаулысымен ұсталған. Сот саясаттанушыны 2021 жылғы 14 маусымға дейін қамауға алу туралы қаулы шығарған. Сот шешіміне сай, Марат Токтоучиков те 2021 жылдың 13 маусымына дейін қамауда отырады.
Қазақбаевтың да, Токтутоучиковтың да мемлекетке нақты қандай сатқындық жасағаны әлі белгісіз.
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, елдегі қолданыстағы заңға сай, күдіктілерге тағылған айып дәлелденсе, олар 10 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Марат Токтаучиков – Қырғыз Республикасының азаматы. Ол қазақ диаспорасының басшысы болған кезде бірнеше рет Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы бауырлық қатынастарды сақтауға шақырған.