Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың шығу тегі туралы баяндаманы жариялайды. The New York Times мәліметінше, баяндама 17 қытай ғалымы мен ұйымдағы 17 сарапшының бірлескен зерттеу нәтижесінде жазылған.

Жариялануға бір күн қалғанда аталған құжатпен журналистер танысып шықты. Бірақ олар вирус туралы негізгі сұрақтардың жауабын таба алмады.

Баяндамада Covid-19 пайда болуының ең ықтимал нұсқасы ретінде популяцияда пайда болған вирус, мутацияланған вирус және басқа жануардан адамға жұққан вирус жайлы айтылады. Алайда, коронавирустың нақты неден тарағаны жайлы ақпарат жоқ.

Сонымен қатар, ДДҰ сарапшылары вирус Ухань вирусология институтының зертханасынан шықты деген м»ліметті жоққа шығарған. Ал өзге шетелдік сарапшылар мен сыншылар ДДҰ сарапшыларының Уханьға 27 күндік сапары кезінде Қытай билігі олардың жұмысына бірнеше рет кедергі келтіріп, негізгі мәліметтерді жасырып қалды дейді. Құжат сыншыларының арасында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де бар.

Блинкен жексенбіде CNN-ге берген сұхбатында: «Баяндамада талданған барлық зерттеу деректерін Қытай ғалымдары ұсынған. Олардың көпшілігі мемлекетке тәуелді және бюджеттік мекемелерде қызмет етеді. Яғни бұл есепті дайындау әдістемесі мен процесіне Бейжің қатысқан сияқты», – деді.

Бұл мәлімдемелен кейін Қытай Сыртқы істер минисрлігі «АҚШ Мемлекеттік департаменті баяндама авторларына саяси қысым жасады» деп айыптады.

Бірнеше ай бұрын Халықаралық ғалымдар тобы бүкіл әлемге орны толмас зиян келтірген пандемияның пайда болуы мен таралуының көзін анықтау үшін Уханьға барған болатын. Олар қаладағы негізгі нысандарды аралап, жергілікті ғалымдармен, алғашқы пациенттермен және олардың емдеуші дәрігерлерімен әңгімелескен. Алайда, шетелдік басылымдар ДДҰ зерттеу тобы вирустың нақты қайдан шыққанын анықтай алмады дейді.

Қытай билігі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетеміз деп сендіргенмен, күмән көп. Себебі Бейжің 2,1 миллион адамның өмірін қиған вирустың пайда болуын зерттегісі келген халықаралық топтың ұсынысын наразы күйде қабылдаған. Халықаралық ғалымдар тобына қойған талаптары үшін және түрлі болжамды алға тартып, айыптан жалтаруға тырысқаны үшін де Қытай сынға ұшырады.

Ухань вирусология институты 2003 жылы Қытайдан көптеген елдерге таралған SARS пандемиясынан бері жарқанаттар коронавирустарының генетикалық үлгілерінің кең мұрағатын сақтап отыр. Қаланың жаңа бөлігінде орналасқан Хуанань теңіз өнімдері базарында тірі құстардан бастап балық, бауырымен жорғалаушылар, тіптен жабайы аңдарға дейін сатылған. Бірақ 2019 жылы желтоқсанның соңғы апталарында вирустың өршуі туралы ескертулер күшейген кезде дәрігерлер алдымен жаңа заңдылыққа назар аударды – пациенттердің көпшілігі Хуанандағы теңіз өнімдері базарында жұмыс істеген. 31 желтоқсанда Ухань Денсаулық сақтау комиссиясы Бейжіңге алғашқы ресми есепті ұсынды. Келесі күні базар карантинге жабылды.

Базардағы адамдардан да, тірі жануарлардан да алынған COVID-19 сынамалары оң нәтиже бергенін ескеруіміз керек. Алайда Уханьдағы медицина мамандарының айтуынша, адамдар арасында коронавирустың ең бірінші жағдайы індет толық тарамай тұрып төрт апта бұрын анықталған. Қытай үкіметі ресми мәлімет ретінде ұсынған алғашқы дерек 1 желтоқсанда тіркелген.

"The Qazaq Times"