Ресей үкіметі елдегі күн сайын өсіп бара жатқан жанармай бағасына тосқауыл қою үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлмек. Елде бензин мен дизелдің құны жыл басынан бері тұрақты түрде жоғарылаған. Бұның соңы жанармай дағдарысына алып келуі мүмкні деп қауіптенген Кремль шұғыл шара көруге кірісті.
Ресейде былтыр жазда да осындай жағдай болған. Оны сол кезде Энергетика министрлігі карантиннен кейінгі көлік қатынасының көбеюінен болды деп түсіндірген, жыл соңында қайта қайталанғанда тапшылықтан болды деп көрсеткен. Бірақ, биыл жыл басында жағдай күрт өзгеріп, мұнай өндірушілер бюджетке қаражат салды. Ресейлік кейбір басылымдар пандемия секілді көптеген себептер Ресейдің мұнай өндірісі саласында жұмыс істеп келген «дәстүрлі механизміне» соққы ұрғанын жазып жатыр.
Бұл Ресей үкіметін осы салада жаңа формула жасақтауға мәжбүр етті. Энергетика министрлігі жаңа формула қазіргі жаһандық экономикалық жағдай мен мұнай нарығындағы өзгерістерге барынша бейімделгіш деп түсіндірген болды. Бұл формула мамыр айынан бастап жұмысын істей бастайды.
Ресейдегі жанармай бағасының қымбаттауы оның мұнай өнімдеріне тәуелді елдерге де ауыр тиіп жатыр. Бұлардың арасында Орталық Азиядан Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдер де бар. Байланыстыра айтқанда, Ресейдегі жанармай бағасының қымбаттауы аталған елдердегі зат бағасының қымбаттауына алып келуде. Бұл Ресейге болашақта дипломатиялық қиыншылықтар да алып келуі мүмкін.