Еуроодақ Ұлыбританияға коронавирусқа қарсы вакцина экспорттауды тоқтатуы мүмкін. ВВС-дің хабарлауынша, британиялық «AstraZeneca» компаниясы одаққа келісілген екпе көлемін жеткізбеген. Ал Еуропада індеттің үшінші толқыны басталғандықтан, одақ аумағында препарат жетпей, қиын жағдай туындауы мүмкін.
Ал Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Доминик Рааб Еурокомиссияның мәлімдемесі екі ел арасындағы қатынасты шиеленістіруі мүмкін екенін айтады. Себебі Еуроодақ бұған дейін вакцинаны экспорттауда ешқандай шектеу болмайтынын уәде еткен дейді.
Қазір Еуропадағы бірқатар саяси күш және кей мемлекет Еурокомиссияның вакциналау жөніндегі саясатын сынап отыр. Қазіргі саясат аясында, вакцина сатып алу мен үлестіру орталық саналатын Брюссель арқылы жүріп отыр. Ал мемлекеттердің Еурокомиссияны айналып өтіп өздігінен сатып алу мүмкіндігі шектеліп отыр.
Бұған дейін Еуроодақ мүше елдердің халқын коронавирусқа қарсы вакциналау жөнінде қателік жіберген болуы мүмкін деді Еурокомиссия төрағасының орынбасары Франс Тиммерманс. Ол қателікті Еуроодақ билігі де, жекелеген ел үкіметтері де жіберген болуы мүмкін деді. Сөйте тұра ол эпидемияның аяқталуын күтуге шақырды. Оның сөзінше, тек сол кезде қате және дұрыс шешімдердің ара-қатынасын анықтауға болады.
13 наурызда Австрия, Чехия, Словения, Болгария, Хорватия және Латвия елдері Еуроодақтың төтенше саммитін өткізуге шақырды. Олардың сөзінше, қазір Еуроодақ мүшелері арасында вакциналау жөнінде тепе-теңдік жоқ. Аталған елдер саммитте осы мәселе талқылануы тиіс дейді.
Бірнеше мемлекет Еуроодақ ішінде вакциналау деңгейінің АҚШ пен Ұлыбританияныкінен қалып қойғанын сынға алған. Кейінгі деректерге қарағанда, орташа есеппен Еуроодақ халқының 10%-ы вакцинаның кемі бір дозасын алған. Бірақ Латвия мен Болгария секілді елдердің көрсеткіші бұл межеден едәуір төмен. Ал Ұлыбритания халықтың үштен бір бөлігі вакцинаның кемі бір дозасын алып үлгерген.