АҚШ пен Жапонияның сыртқы істер және қорғаныс министрлері Токиода «2+2» кездесуін өткізіп, Тайуан (Тайвань) бұғазы мәселесін ашық талқыға салды. Тараптардың бірлескен мәлімдемесінде «Тайуан бұғазының қауіпсіздігі мен тұрақтылығы» атап өтілді.

Кеше, 16 наурыз күні Жапонияның сыртқы істер уәзірі Тошимитсу Мотеги мен қорғаныс уәзірі Нобуо Киши АҚШ-тың мем. хатшысы Блинкен мен қорғаныс министрі Остин арасындағы бірнеше келіссөздерден кейін екі тараптың консенсусын жариялау үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. БАҚ өкілдеріне жасаған мәлімдемеде, Қытайтайдың қазіргі мінез-құлқы халықаралық тәртіпке сәйкес келмейтіні, бұл АҚШ-Жапон одағына, сондай-ақ халықаралық қауымдастық үшін қиындық алып келетіні атап өтілді.

Жапон сыртқы істер уәзірі Мотеги өз мәлімдемесінде екі ел арасында қорғаныс-қауіпсіздік ынтымақтастықты сақтау дамыту келісімдерінен тыс, Сенкаку аралдарының иелік құқығы мен қорғалуына қатысты да берік ұстанымға келгенін, бұдан кейін бұл аралдағы бағытталған кез-келген біржақты әрекеттер жауапсыз қалмайтынын білдірді.

Байденнің бас дипломаты Блинкен де оның сөзін қостап: «Бұдан кейін Америка Құрама Штаттары мен Жапония бір-бірінің демократия, адам құқығы және заңның үстемдігі саласындағы ортақ құндылықтарын бірлесе қорғайтын болады», – деді. Блинкен сондай-ақ бұл ортақ шаралар Қытайдың демократия мен адам құқытарына жат әрекеттеріне қарсы шараларды да өз ішіне қамтитынын атап өтті. Ол сөзінде: «Қытай Гонконг автономиясын жүйелі түрде жою үшін мәжбүрлеу мен агрессивті әрекеттерді қолданады, Тайуан демократиясын әлсіретуге тырысып, Шыңжаң мен Тибетте адам құқығын бұзуда және Оңтүстік Қытай теңізінде халықаралық құқықты, егемендік талаптарын бұзып отыр», – деп мәлімдеді.

“The Qazaq Times”