«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» шенеуніктері мен Ақтөбе облысының әкімі көп балалы анаға «жалған» сертификат сыйлаған.
«Астана» телеарнасының мәліметінше, Алғыс айту күні – наурыз айының алғашқы күні көп балалы әйел Айсұлу Қүздібаеваға облыс әкімі Оңдасын Оразалин 2 млн теңге көлемінде арнайы серификат табыстаған. Дегенмен ақтөбелік тұрғынның қолындағы сертификаттың, анығы ондағы екі бума милионның еш күші жоқ болып шықты.
Бұл жаңалыққа ерекше қуанған Айсұлу Қүздібаева 2 млн теңгенің үстіне қарызданып-қауғаланып болса да қосымша қаржы қосып, баспана сатып алуға жоспар құрып үлгерген. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады.
«Облыс әкімінің өзі берді. Мен 2 миллион теңге менде бар екен деп ойладым. Үстіне тағы ақша жинап, басқа баспана сатып аламын дегенмін. Көршілерім де келіп құттықтаған. Бұл жәй қағаз болып шықты», – дейді Қүздібаева.
Қүздібаева Ақтөбеге көшіп келгеніне көп бола қоймаған. Бес бірдей баласымен қуықтай 14 шаршы метрлік коммуналды пәтерде тұрып жатқан оған алғашында еріктілер ұйымдасып көмектескен. Пәтерін жөндеп-әрлеп, хал-қадірінше жиһаз алып берген.
Ақпарат құралдарында жариялаған деректерге сай, жергілік биліктің тақыс шенеуніктері айлаға салып, Қазақстан халқы ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалы еріктілердің еңбегін иемденіп, 1 наурыздағы іс-шарада «еш құны жоқ сертификат» тапсырған. Тіпті шенеуніктер көп балалы әйелге сертификаттың жай қожакөрсіндікке бергенін айтады. Олардың «бар еңбегі» – еріктілерден жылуға жиналған қаражаттың көлемін сұрап алып, принтрден сертификат нақышында басып шығарып көптің көзінше табыстауы ғана.
«Біз жастардан: «Жөндеуге қанша қаржы жұмсадыңдар?», – деп сұрадық. Олардың сөзінше, жөндеу жұмыстары мен жиһазға 2 миллионға жуық қаржы жұмсалған. Көмек жасалған сомманы көрсету үшін Айсұлуға осы сертификатты табыстадық. Ол «бұл қаржыны маған бере ме?», – деп сұрады. Біз бұл соммаға жөндеу жұмыстары жасалғанын, осыны көрсеткіміз келгенін түсіндірдік», – Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева.
Әлеуметтік желілерде еріктілердің көмегін малданбақ болған шенеуніктер мен әкім Оразалин имджіне нұқсан келтіріп алғаны жөнінде айыптау мәнінде сыни пікір көбейіп жатыр. «Еститін мемлекет» құруды көксейтін биліктің кадрлары осылайша жұрттың шын ризашылығы үшін емес, қожакөрсін бақай есеп үшін әрекет етуі көпшіліктің ызасын тудыруда.