Қытай алдағы 6 жыл ішінде Тайуанға (Тайвань) басып кіруі мүмкін. Мұндай мәлімдемені АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит қолбасшылық штабының командирі Сенат алдында жасады.

«Қытай ұзақ уақыттан бері Тайуанды өзіне қаратуды мақсат етіп келгені анық. Менің ойымша, бұл қауіп алдағы 10 жылдықта, нақтырақ айтқанда алдағы 6 жыл ішінде орын алуы мүмкін», – деді АҚШ адмиралы Филипс Дэвидсон (Philips Davidson) Сенаттың Қарулы күштер жөніндегі комитеті алдында.

Дэвидсон сөзінде Америка Құрама Штаттары үшін Тайуанның жоғары маңызға ие екенін атап өткен. Бұған қоса, Тайуан бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа Құрама Штаттардың да мүдделі екенін алға тартқан. Сондықтан да, Үнді-Тынық мұхит қолбасшылық штабының командирі Тайуанға әскери техникалар мен қызмет көрсету бағытындағы қолдауды табанды жалғастыруды ұсынған.

АҚШ адмиралы Филипс Дэвидсон бұған дейін Қытайдың АҚШ-қа төндіретін қауіптерінің арта түскенін және Құрама Штаттар мен оның одақтас, серістестерінің Үнді және Тынық мұхиты аймағындағы Қытайдың ықпалына қарсы тосқауылдарын жетілдіру қажет екенін алға тартқан болатын.

“The Qazaq Times”